Accessibility links

"КазСтройСервис": Жұмысшылар жалақысы көбейеді


Батыс Қазақстан облысының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет).
Батыс Қазақстан облысының аумақтық картасы. (Көрнекі сурет).

Батыс Қазақстан облысындағы Чинарев мұнай-газ кенішінде 11 мамырдан бері ереуілдеп жатқан "КазСтройСервис" компаниясының жұмысшыларына келесі айдан бастап жалақыларына 15 пайыз көлемінде үстеме қосылады деп хабарлады бүгін Азаттыққа компанияның Орал қалалық филиалының директоры Рахматулла Алдамұратов.

Алдамұратовтың айтуынша, үстеме мөлшері жұмысшылардың біліктілігі мен санатына қарай шамамен 16-17 мың теңге (90 АҚШ доллары көлемінде) шамасында қосылады. Компания әуелде жасалған еңбек келісім-шартының қайта қаралмайтынын айтады.

Бүгін жұмысшылардың көпшілігі жұмысқа шыққан. Ереуілге шыққан жұмысшылардың бастамашыл тобының өкілдері оқиғаға байланысты телефон арқылы түсінік беруден бас тартты.

11 мамырда "КазСтройСервис" компаниясының вахталық әдіспен жұмыс істейтін ондаған жұмысшысы жалақыны көбейтуді талап етіп, жұмысқа шығудан бас тартқан.

"КазСтройСервис" - Чинарев кенішіндегі газ өңдеу зауытының құрылысын салып жатқан компаниялардың бірі. Кеніш Орал қаласынан солтүстік-батысқа қарай 40 километр қашықтықта орналасқан.

Өткен жылдың қараша айында "КазСтройСервис" жұмысшылары жалақыларын көбейтуді талап етіп ереуілге шыққан. Екі күндік наразылықтан соң компания басшылығы жұмысшылардың талабын жартылай орындауға келіскен.

XS
SM
MD
LG