Accessibility links

Бурунди президенті әскери төңкерісті жоққа шығарды


Генерал-майор Гоудфройд Нийомбаре радиодан президент Пьерре Нкурунзизаның биліктен тайдырылғанын мәлімдеп тұр. Бужумбура, 13 мамыр 2015 жыл.
Генерал-майор Гоудфройд Нийомбаре радиодан президент Пьерре Нкурунзизаның биліктен тайдырылғанын мәлімдеп тұр. Бужумбура, 13 мамыр 2015 жыл.

Африка шығысындағы Бурунди мемлекетінің президенті Пьерре Нкурунзиза елде төңкеріс болып, өзінің биліктен тайдырылғанын жоққа шығарды. 13 мамырда армия генералы, осы жылдың басында президент барлау қызметінің басшысы қызметінен босатқан генерал-майор Гоудфройд Нийомбаре радиодан Пьерре Нкурунзизаның биліктен тайдырылғанын мәлімдеген.

Өзінің ресми сайты мен Twitter-дегі парақшасында Пьерре Нкурунзиза генерал жариялаған төңкерісті "ойдан шығарылған" деп атады.

Бурундиде бірнеше апта бұрын, Нкурунзиза 26 маусымда өтетін президент сайлауына қатысу шешімін жариялағаннан кейін толқулар басталған. 2005 жылы қабылданған конституция бойынша президент тек екі мерзімге ғана сайлана алады. Бірақ Нкурунзиза алғашқы мерзімге жалпыхалықтық дауыс беру жолымен емес, парламент арқылы сайланғанын айтып, бұл жолы сайлауға қатыса алатынын мәлімдеген. Оған қарсылық білдірген Нийомбарені президент ақпан айында барлау қызметінің басшысы қызметінен босатқан.

Нийомбаре ел астанасы Бужумбура әуежайы мен Бурундидің барлық шекарасы жабылды деп мәлімдегендіктен Нкурунзизаның Танзаниядан орала алғаны, я елге кіре алмағаны белгісіз болып тұр. Нийомбаре бұған қоса үкіметтің таратылғанын, уақытша үкімет құру үшін елдегі азаматтық, діни және саяси топтармен кеңесуді бастағанын да айтқан.

Гоудфройд Нийомбаренің мәлімдемесінен соң Бурундиде жүздеген адам көшеге шығып, елдің әнұранын шырқады.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Францияның сұрауы бойынша 15 мамырда Бурундидегі жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізетінін хабарлады.

XS
SM
MD
LG