Accessibility links

АҚШ конгресі Иранмен келісімді қайта қарауды қолдады


АҚШ конгресі, Вашингтон. (Көрнекі сурет).
АҚШ конгресі, Вашингтон. (Көрнекі сурет).

АҚШ конгресінің өкілдер палатасы көпшілік дауыспен конгресстің Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жасалған келісімді қайта қарауына, қажет болса оны қабылдамай тастауға құқық беретін заң жобасын мақұлдады. Өкілдер палатасының 400 депутаты қолдап, 25-і қарсы шыққан "Иранның ядролық бағдарламасы туралы" заң жобасы өткен аптада сенат мақұлдауынан өткен. Құжат енді Ақ үйге жөнелтілмек. Президент Барак Обама әкімшілігі бұған дейін президенттің заңға қол қоятынын мәлімдеген.

Заң жобасы егер Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты келісім жасалса, Иранға салынған санкцияларды алу туралы шешім қабылдауды 30 күнге шегере тұруға мүмкіндік береді. Бұл уақыт аралығында конгресс келісімді қолдайтынын, я қарсы екенін білдіруі тиіс.

Тегеран бұған дейін заң жобасына қарсылық білдіріп, Иран мен әлемдік алты держава арасында жасалатын келісімге қандай да бір елдің парламенті ықпал ете алмайтынын мәлімдеген.

Иран әлемдік алты держава - АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия маусымның соңына дейін ядролық бағдарламаға қатысты түпкілікті келісім жасасуды жоспарлап отыр.

XS
SM
MD
LG