Accessibility links

Алматыда Қырым татарлары депортацияны еске алды


Қырым татарларының депортациясы туралы сахналық қойылым. Алматы, 16 мамыр 2015 жыл.

Қырым татарларының депортациясы туралы сахналық қойылым. Алматы, 16 мамыр 2015 жыл.

Қырым татарларының Алматыдағы «Ватандаш» (Отандас) мәдени орталығы бүгін «Унутма» (Ұмытпа) шарасын өткізді. Шара 1944 жылғы 18 мамырда болған қайғылы оқиға - Қырым татарларының депортациясын еске алуға арналды. Жиында сөйлегендер тарихи отандары - Қырымдағы адам құқықтары мәселесін көтерді. Олар Ресей аннексиясынан кейінгі жағдайға да алаңдайтындарын айтты.

Еске алу шарасы қуғын-сүргін жылдары опат болған азаматтардың рухына құран бағыштаумен басталып, Олекса Гайворонскийдің Қырым татарларының депортациясына (1944) арналған «Украденная весна» (Тоналған көктем) деректі фильмін көрсетумен аяқталды.

Қырым татарлары депортациясы - Қырым АССР-індегі жергілікті халықты көшіру 1944 жылы 18-20 мамыр күндері болған еді. Көшірілген адамдарға жиналуға жарты сағат қана уақыт берілген. Мұнан соң оларды көлікпен теміржол бекеттеріне апарған. Сол жерлерден олар эшелондарға тиеліп, Совет Одағының басқа аймақтарына жөнелтілген. Жол бойы оларды тұзды тамақпен азықтандырып, су бермей қинаған. Кейбірлеріне екі аптада бір рет қана тамақ берген.

Қырым татарларының көбі (151 мың адам) Өзбекстанға көшірілген. Қалғандары Қазақстанға (төрт мыңнан аса адам), Тәжікстанға, Марий АССР-іне, Ресейдің Орал және Кострома өңірлеріне жіберілген. 1989 жылы Қырым татарларының депортациясы айыпталып, қылмыс деп танылды.

Қазақстанда бейресми деректерге қарағанда, мың жарым Қырым татары тұрады. Мұны Азаттық тілшісіне «Ватандаш» орталығының жетекшісі Үрия Курташирова айтты.

XS
SM
MD
LG