Accessibility links

Қырым татарларына депортацияны еске алуға тыйым салды


 Қырым татарлары жетекшісі Мұстафа Жемилев.

Қырым татарлары жетекшісі Мұстафа Жемилев.

Ресей аннексиялаған Қырымның жергілікті билігі Қырым татарларына депортацияны еске алу акцияларын өткізуге тыйым салды. Бұл туралы Азаттықтың Украин редакциясына Қырым татарлары лидері Мұстафа Жемилев хабарлады.

Жемилев "Қырым татарлары қазіргі билікті заңды деп санамайтындықтан, билік ұйымдастырған еске алу шараларына қатысқысы келмейді" дейді. 18 мамыр күні жергілікті билік те Қырым татарлары депортациясын еске алу шараларын өткізбек.

Жемилевтің сөзіне қарағанда, Қырым прокуроры 18 мамыр күні рұқсат етілмеген шаралар өткізбеуді ескерткен. Алайда оның айтуынша, көптеген татарлар 1944 жылғы депортацияны еске алатын шаралар өткізеді. Қырым татарлары жетекшісі бұл күні билік арандатушылық әрекеттер жасайды деп қауіптенеді.

Сенбі күні Қырым басшысы Сергей Аксенов түбекте 6 маусымға дейін бұқаралық акциялар өткізуге тыйым салынғанын хабарлады. Ол мұны "Украинаның шығысындағы қақтығысқа байланысты" деп түсіндірген. Былтыр Қырым татарларының Симферопольде еске алу шарасын өткізуіне шектеу қойылған еді. Ол жолы билік бұл шешімін "Қырымда "украиналық ұлтшылдар" теракт ұйымдастырмақ" деп түсіндірген.

"Крым SOS" ұйымының мәліметіне қарағанда, бір жыл ішінде түбектен 35 мың адам кеткен, оның 20 мыңы - Қырым татарлары. Украина билігі Қырым мен Донбастан қашып шыққан босқындар саны 850 мыңға тақағанын мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG