Accessibility links

Хабаровскіде ЛГБТ-белсендіге шабуыл жасады


Жарақат алған ЛГБТ-белсенді Александр Ермошкин. Хабаровск, 17 мамыр 2015 жыл.

Жарақат алған ЛГБТ-белсенді Александр Ермошкин. Хабаровск, 17 мамыр 2015 жыл.

Ресейдің Хабаровск қаласында ЛГБТ-белсенді Александр Ермошкинге шабуыл жасалды. Ол қасындағы тағы бірнеше белсендімен бірігіп, гомофобияға қарсы аспанға шар жіберу акциясын өткізбекші болған.

Белсендіге ол көліктен түскен бетте шабуыл жасалған. Шабуыл жасаушылар оның қасындағы адамдардың бетіне баллоннан газ шашқан. Ермошкиннің басынан ұрған, соққы алған ол құлап түскен. Шабуыл жасаған екі адам мұнан соң кетіп қалған.

Оқиғаны көрген Михаил Федорченко Азаттықтың Орыс қызметіне:

- Александр көліктен түсіп, шарларды ала бастады. Оны суретке түсіре бастадым. Қасымыздан өтіп бара жатқан адам Сашаның қасындағы белсенділерге бірдеме шашты да, оны құлатып кетті. Жүгіріп барамын дегенше, олар оны басынан ұрып тастады, - деді.

ЛГБТ-белсенділер "Ермокшинге шабуыл жасалғанына қарамастан, акцияны жалғастыратындарын" әлеуметтік желі арқылы мәлімдеді. Олар қала тұрғындарымен бірге видеоға түскендерін, оны жариялайтындарын айтады.

Александр Ермошкин дәрігер көмегіне жүгінген. Оған "миы шайқалған" деген диагноз қойылған. Белсенді полицияға арыз түсірмек. Қала әкімдігі бұған дейін белсенділерге акция өткізбеуге қатысты екі рет ескерту жасаған еді.

Бұл оқиғадан кейін іле-шала Хабаровск қаласының орталығында "дәстүрлі құндылықтарды қолдау" акциясы өтті. Оған қатысқан адамдар "балаларды гей-насихаттан қорғайық" деген плакат алып шықты. Жиналғандар "Ресей халқының егемендігін сыйлауға, балалардың құқығы мен табиғи отбасын қорғауға шақырған" қарар қабылдап тарасты.

XS
SM
MD
LG