Accessibility links

Канада хоккей құрамасы әлем чемпионы атанды


Канада хоккейшісі Тайлер Сегин гол соққанына қуанып тұр. Прага, 17 мамыр 2015 жыл.

Канада хоккейшісі Тайлер Сегин гол соққанына қуанып тұр. Прага, 17 мамыр 2015 жыл.

Чехияда өткен хоккейден әлем чемпионатының финалында Канада ұлттық құрамасы Ресей құрамасынан 6:1 есебімен үстем түсті. 17 мамырда (Астана уақытымен 18 мамырға қараған түні) Прагада өткен матч кезінде канадалықтар айқын басымдылық танытты.

Бірінші периодтың 19-минутында Тайлер Эннистің соққан шайбасына Коди Икин конькиін тоса қойып есеп ашты. Екінші периодта канадалықтардың екпіні күшейе түсті де, ресейліктер тек аракідік қарымта шабуыл жасауға көшті. Эннис 22-минутта есепті еселеп, 28-минутта Сидни Кросби үшінші, бір минут өтпей жатып Тайлер Сегин төртінші голды соқты. Үшінші периодта да ойын ырғағы өзгерген жоқ, канадалықтар Клод Жиру (49-минут) мен Нэтан Маккиннон (51-минут) есепті 6:0-ге жеткізді. 52-минутта Сергей Мозякин көк жолақтың тұсынан алыстан көздеп, қақпа алдындағы Евгений Малкин шайба бағытын сәл өзгертіп, Ресейдің алғашқы голын соқты да, есепті қысқартты.

Канада жеті жылдан кейін әлем чемпионатының финалына шығып отыр. Бұл елдің құрамасы соңғы рет 2007 жылғы әлем біріншілігінің финалында ойнап, Финляндияны 4:2 есебімен жеңген еді.

Ресей биыл екінші жыл қатарынан әлем чемпионатының финалына шықты. 2014 жылғы Минсктегі әлем біріншілігінің финалында ресейліктер Финляндияны 5:2 есебімен жеңген болатын.

XS
SM
MD
LG