Accessibility links

Жоғарғы сот Шымкенттегі ұшақ апаты үкімін қарамады


Сотталушы Қанат Ақылбеков апелляциялық сот отырысында. Шымкент, 27 маусым, 2014 жыл.

Сотталушы Қанат Ақылбеков апелляциялық сот отырысында. Шымкент, 27 маусым, 2014 жыл.

Жоғарғы сот бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі ұшағының апатқа ұшырауына қатысты сотталған «Қазаэронавигация» компаниясы шымкенттік филиалының диспетчері Қанат Ақылбековтің үкімін қараудан бас тартты.

Жоғарғы сот баспасөз қызметінің Азаттыққа телефон арқылы хабарлауынша, сот Ақылбековтің шағымын қайта қараудан бас тартып, үкімді өзгеріссіз қалдырған.

2012 жылы 25 желтоқсанда Шымкент маңында шекара қызметінің «Ан-72» әскери ұшағы апатқа ұшырап, бортындағы 27 адамның барлығы қаза тапқан. Мерт болғандардың арасында Қазақстан шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков те болған.

2014 жылдың 28 сәуірінде Шымкент қаласы Абай аудандық соты Қанат Ақылбековті «абайсызда екі не одан да көп адамның өліміне соқтырған әуе көлiгi қозғалысы қауiпсiздiгi ережелерiн бұзу» бабы бойынша айыпты деп танып, алты жылға соттаған. Кейін, 28 маусымда Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы Ақылбековтің шағымын қарап, оның жаза мерзімін төрт жылға азайтқан.

Ал қарашаның 20-сында Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі кассациялық алқасы Қанат Ақылбековтің кассациялық шағымын қарап, оны төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын сол күйі қалдырған.

XS
SM
MD
LG