Accessibility links

Мәскеу: Киев ұсталған ресейліктерді босатсын


Украиналық әскерилер мен журналистер қолға түскен "ресейлік сарбаздар" туралы видеоны көріп тұр. Киев, 18 мамыр 2015 жыл.
Украиналық әскерилер мен журналистер қолға түскен "ресейлік сарбаздар" туралы видеоны көріп тұр. Киев, 18 мамыр 2015 жыл.

Мәскеу Киевтен Донбасста ұсталған ресейліктерді дереу босатуды талап етті. Ресей қорғаныс миинстрлігі кеше кешке украин әскерилері сепаратистермен қақтығыс жүріп жатқан Луганск облысында тұтқынға алған екі адамның ресейлік азаматтар екенін растаған. Бірақ министрліктің ресми өкілі, генерал-майор Игорь Конашенковтің айтуынша, ресейліктер "тұтқынға түскенге дейін-ақ Ресей қарулы күштері қатарынан шығарылған".

"Біз Украина жағының ақпаратын тексердік. Қолға түскендер бұған дейін расымен Ресейдің бір әскери бөлімінде қызмет еткен және әскери дайындықтан өткен" деді Конашенко. Оның сөзінше, арнайы әскер ардагерлері ассоциациясының басшылығы министрлікке "жаралы жолдастарын" босатуға жәрдемдесуді сұрап өтініш білдірген.

Киев жағы тұтқынға түскендер - "Ресей бас барлау басқармасы арнайы жасағының сарбаздары" деп мәлімдеген. Мамырдың 17-сінде украиналық ақпарат құралдарында видео жарияланып, онда тұтқынға алынғандардың бірі тергеу кезінде өзін Ресейдің Тольятти қаласынан келген Ресей қарулы күштерінің сержантымын деп таныстырады.

Украина қауіпсіздік қызметінің басшысы Валентин Наливайченко кеше екі сарбазға қарсы "террористік әрекет жасады" және "террористік сипаттағы қылмыс жасады" деген айыптар тағылатынын мәлімдеген.

Кремль Украина шығысында ресейдік әскерилер соғысып жүргенін жоққа шығарады. Бірақ Донбасстағы қақтығысқа Ресей әскерінің қатысуын зерттеп жүрген ақпарат құралдары ресейлік әскерилер Украинаға жөнелтілетінінің алдында запасқа шығарылып жіберілетінін бірнеше рет хабарлаған. Мұндай мәлімет көбінесе қастандықтан қаза тапқан оппозицияшыл саясаткер Борис Немцовтің "Путин. Соғыс" деп аталатын зерттеу есебінде жиі келтірілген.

XS
SM
MD
LG