Accessibility links

Charlie Hebdo-ның бас карикатурашысы қызметтен кетпек


Charlie Hebdo журналының мұқабасы. (Көрнекі сурет).
Charlie Hebdo журналының мұқабасы. (Көрнекі сурет).

Францияның сатиралық Charlie Hebdo журналының жетекші карикатурашысы Ренальд Лузье басылымнан кететін болды.

Liberation газетіне берген сұхбатында Лузье өзінің қыркүйек айында қызметінен кетуі редакциядағы ішкі жағдаймен байланысты емесін айтқан. Ол қаза тапқан әріптестерінсіз жұмыс істеу тым ауыр екенін түсінгенін жеткізген. "Журналдың әрбір саны азаптауға айналды" деген басылымнан кету себебін жеке таңдауы екенін айтқан Лузье.

Ренальд Лузье Charlie Hebdo-да 1992 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ол биыл қаңтардың 7-сінде журнал редакциясына жасалған шабуылдан кейін шыққан журналдың алғашқы санының мұқабасын жасаған.

Қаңтардың 7-сінде Парижде Charlie Hebdo журналы редакциясына қарулы үш адам шабуыл жасап, 12 адам мерт болған. Қаза тапқандар арасында басылымның бас редакторы мен карикатурашылары да бар. Қарулы адамдар шабуылды журналдың Мұхаммед пайғамбарды карикатураға шығарғаны үшін кек алғандарын айтқан. Шабуылдан кейін Парижде күдіктілерді ұстау операцияларында тағы бес адам қаза тапқан. Шабуылдан кейін шыққан журнал санының мұқабасында Мұхаммед пайғамбардың қолына "Мен Шарлимін" деген жазуы бар плакат ұстап, қайғырып тұрған бейнесі басылған. Плакат тақырыбы "Барлығы кешірілді" деп аталған.

Журналға қайырымдылықтан түсе бастаған қаржы мен тираждың артуынан түскен табыс редакцияда қаржыны пайдалануға қатысты түсініспеушілік тудырған. Қызметкерлердің кейбірі журнал басшылығын қаржыны ашық түрде жұмсамайды деп айыптаған. France Press агенттігінің жазуынша, сәуір айында Charlie Hebdo-ның 20 қызметкерінің 15-і, оның ішінде Ренальд Лузье бар, басылым активтеріне барлық қызметкер теңдей иелік қылатындай етуге шақырған.

XS
SM
MD
LG