Accessibility links

Ырғыз-Торғай резерватында да киік қырылып жатыр


Киік. (Көрнекі сурет).
Киік. (Көрнекі сурет).

Ақтөбе облысы аумағындағы Ырғыз-Торғай резерватында киік қырылып жатыр. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. Департамент мәліметінше, резерваттың Сұңқарқия деп аталатын учаскесінен 68 киіктің өлексесі табылған.

Киіктің қырылып жатқандығын Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының әкімі Мейірхан Дуанбеков те растады. Ырғызда арнайы комиссия құрылды. 20 мамыр күні ертемен аудан әкімі комиссия мүшелерімен бірге Сұңқарқияға аттанып кеткен.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті Ырғыз-Торғай резерватындағы киіктерге оқ атылмағанын айтады. Яғни, ақбөкендерді браконьерлер өлтірмеген. Ерекше қорғалатын аймақтағы киіктердің қырылуына не себеп болғаны әзір белгісіз.

Қостанай облысында да соңғы аптада киіктер жаппай қырылып жатыр. Тиісті орындардың соңғы есебі бойынша, облыста қырылған киік саны 10 мыңнан асқан.

Ырғыз-Торғай резерваты ашылған 2007 жылы осы аумақта 7 мыңға жуық киік болған. Қазір мұнда киік басы 45 мыңға жеткен.

Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктердің қырылуына киіктердің ұзаққа созылған қыстан әлсіз шығып, төлдеу науқанында инфекциялық ауруға ұшырауы себеп болуы мүмкін деген болжам жасаған. Қазір мамандар киіктердің қырылуының себептерін тексеріп жатыр.

XS
SM
MD
LG