Accessibility links

ЕҚЫҰ: Тұтқындар Ресей сарбаздары екенін мойындады


Украина әскері қолға түсірген ресейліктердің бірі Александр Александров Киевтегі әскери ауруханада жатыр. 19 мамыр 2015 жыл.
Украина әскері қолға түсірген ресейліктердің бірі Александр Александров Киевтегі әскери ауруханада жатыр. 19 мамыр 2015 жыл.

Украина әскерилері Луганск облысында тұтқынға алған ресейлік екі ер адам Ресей қарулы күштерінің қатарында қызмет ететінін және Донбасстағы сепаратистерге қолдау көрсету үшін жіберілгенін мойындады деп хабарлады ЕҚЫҰ-ның Киевтегі арнайы бақылау миссиясы өкілдері.

ЕҚЫҰ-ның мәліметінше, өткен аптада Луганск облысында жараланып қолға түскен екі тұтқынмен әңгіме 20 мамырда ауруханада болған. ЕҚЫҰ мәлімдемесінде: "Екеуі Ресей Федерациясы қарулы күштерінің қатарында қызмет ететінін айтады. Олар барлау тапсырмаларын орындадық дейді. Тұтқындар толықтай қаруланған, бірақ оларға қару қолдануға немесе соғысқа араласуға бұйрық берілмеген. Олардың бірі әскери басшылықтың өзіне Украинаға баруға бұйрық бергенін, үш айдан кейін кері шақыруы тиіс болғанын айтады. Екі тұтқын бұрын да "тапсырма орындау" үшін Украина территориясында болғандарын айтты" делінген.

ЕҚЫҰ-ның бұл мәлімдемесі Ресейдің Украинадағы қарулы қақтығысқа тікелей араласып отырғанының айқын дәлелі бола алады. Киев пен Батыс елдері Мәскеуді "Донбастағы қақтығысқа килігіп отыр" деп талай айыптаған. Бірақ Ресей билігі Украина шығысындағы қақтығысқа қандай да бір қатысы барын жоққа шығарып келген.

XS
SM
MD
LG