Accessibility links

Польша президенті сайлауда жеңілгенін мойындады


Польша президенттігіне кандидат Анджей Дуда.
Польша президенттігіне кандидат Анджей Дуда.

Польша президенті Бронислав Комаровский 24 мамырда өткен президент сайлауының екінші кезеңінде қарсыласы Анджей Дудадан жеңілгенін мойындады. Сайлау учаскелерінен алынған сауалнама нәтижелері бойынша, екінші кезеңде Дуда 53 пайызға жуық дауыс алған. 62 жастағы Комаровский халық қалауын сыйлайтынын айтып, бәсекелесіне президент қызметінде табыс тіледі.

Комаровский мамырдың 10-ында өткен сайлаудың алғашқы кезеңінде 33,8 пайыз, ал Дуда 34,8 пайыз дауыс алған еді. 43 жастағы Дуданың жеңісі Польша католиктік шіркеуіне жақын оппозициялық "Құқық және әділеттік партиясының" соңғы он жылдағы ең ірі саяси табысы саналады. Комаровскийдің оңшыл "Азаматтық платформа" партиясы Польшаны соңғы сегіз жыл бойы басқарған. Комаровскийдің өзі премьер-министр Эва Копачтың серігі.

Польшада премьер-министр үкіметті басқарады. Президент қарулы күштерге қолбасшылық етеді, сыртқы саясат мәселелерін реттеп, заңдарға вето қоя алады және елдің Орталық банкіне бақылау жасайды.

Дуданың жеңісінен кейін Польша валютасының еуроға шаққандағы құны бір пайызға арзандады. Сайлаудың түпкілікті ресми нәтижесі бүгін жариялануы тиіс.

XS
SM
MD
LG