Accessibility links

Астанада бүгін Сирия келіссөзі басталады


Бүгін Астанада Сириядағы соғысқа қатысты топтардың өз ішіндегі келіссөзі басталады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, келіссөз мамырдың 27-сіне дейін созылады. Келіссөз жабық түрде өтеді және оның қорытындысы бойынша тараптар баспасөз жиынын өткізеді. Келіссөздің нақты қай жерде өтетені және қай уақытта басталатыны алда хабарланбақ.

Сыртқы істер министрлігі халықаралық ақпарат комитетінің өкілі Роман Васильенко Азаттыққа келіссөзге кімдердің қатысатыны және күн тәртібінде қандай мәселе талқыланатыны жайлы ақпарат беруден бас тартты. Ол "Бұл олардың өз келіссөзі, біз тек оларға келіссөз өткізетін алаң ұсындық" деумен шектелді.

Қазақстан СІМ сәуір айында Сирияның бірқатар оппозициялық топтары президент Нұрсұлтан Назарбаевтан Сириядағы әскери қақтығысты реттеу туралы келіссөз өткізуді сұрағанын хабарлаған. Бірақ министрлік өтініштің нақты кімнен, я қай топтардан түскенін ашып айтпаған. СІМ Астананың "Сирия қақтығысы тек бейбіт жолмен ғана шешіледі деген позиция" ұстанатынын және "Сирия президенті Башар Асадтың делегаттары бейбіт келіссөздерден шет қалмауы тиіс" екенін мәлімдеген.

Өткен аптада ресейлік "РИА-Новости" агенттігі Ресей сыртқы істер министрі орынбасары Михаил Богдановқа сілтеме жасап, Дамаск Астанада өтетін Сирияаралық топтар келіссөзіне қатысуға мүдделілік танытпады деп хабарлаған. Бірақ Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі сол кезде Азаттыққа Богдановтың мәлімдемесінен хабары жоғын айтқан.

Бұған дейінгі Женева мен Мәскеуде өткен келіссөздерге Асадтың да және Сирия оппозициясының да өкілдері қатысқанымен, айтарлықтай нәтиже шықпаған.

AzattyqTV

Екінші Елизавета

91 жастағы патшайым

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG