Accessibility links

Божко: "Адемдегі" өрт талапты орындамағаннан шықты


Өртенген "Адем" сауда кешені. Алматы, 27 сәуір 2015.

Өртенген "Адем" сауда кешені. Алматы, 27 сәуір 2015.

Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко Алматыдағы "Адем" сауда кешенінде болған өрт себептерін атады деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астанада бүгін өткен баспасөз конференциясында Божко "Өрттің бірінші себебі - өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуында. Екінші себебі - кешен күзет қызметкерлерінің салақтығында. Күзетшілер әуелде ары-бері жүгіріп, сасқалақтап, не болғанын білмек болып жүргенде өрт жалындап, қарқыны күшейіп кетеді. Сонда ғана олардың ойына өрт сөндіру қызметін шақыру түседі" деген Божко.

Владимир Божконың сөзінше, күзет қызметі өрт сөндірушілер келсе өздеріне айыппұл салынады деп "орынсыз қауіптенеді".

Сәуірдің 26-сында сағат 21 шамасында "Адем" сауда орталығы павильондарының бірінен өрт шығып, ол 27 сәуір күні түске таман бір-ақ өшірілген. Өрт аумағы 25 мың шаршы метрден асып, кешеннің бір павильоны түгелдей өртенді. Өрт екінші павильонды да шарпыды.

Мамырдың 19-ында "Евразия" сақтандыру компаниясының директоры Борис Уманов сауда орталығында болған өрттен келген шығын алдын-ала болжамы бойынша 5,3 миллиард теңгені (28 миллион АҚШ долларынан астам) құрайтынын мәлімдеген. Ол есептелген сақтандыру сомасына өртенген ғимарат қана кіретінін, саудагерлердің өртенген тауарлары есептелмегенін айтқан. Уманов "Өртке дейін тек бірнеше саудагер ғана сақтандыру келісім-шартын жасасқан" деген.

XS
SM
MD
LG