Accessibility links

Алматыда "діни алауыздықты қоздыру" бойынша сот басталды


Діни алауыздықты қоздырды деп айыпталған Алматы тұрғыны Сәкен Тулбаев. Алматы, 27 мамыр 2015 жыл.
Діни алауыздықты қоздырды деп айыпталған Алматы тұрғыны Сәкен Тулбаев. Алматы, 27 мамыр 2015 жыл.

Алматының Бостандық аудандық сотында бүгін "діни алауыздықты қоздырды" және "тыйым салынған діни ұйымға мүше болды" деп айыпталған алматылық 45 жастағы тұрғын Сәкен Тулбаевтың ісі бойынша сот басталды. Айыпталушы Тулбаев сотқа айдауылмен әкелінді. Әпкесінің айтуынша, Тулбаев сәуір айынан бері Алматыда тергеу абақтысында қамауда отырған.

Бүгінгі сот отырысында Тулбаевтың адвокаты Жандос Бұлхайыр судьяға сотты орыс тілінде өткізуді сұрап жазбаша өтініш жолдады. Адвокаттың сөзінше, сотталушы орыс тілінде білім алған. Сәкен Тулбаев қазақ тілінде тергелгендіктен адвокат соттан істі орыс тілінде қайта тергеуге жіберу үшін прокуратураға қайтаруды сұрады.

Сәкен Тулбаев адвокаттың өтінішін қолдаған. Бірақ Бостандық ауданы прокурорының орынбасары Асхат Есенов сотқа аудармашыны қатыстыру арқылы процессті қазақ тілінде өткізуге де болатынын айтып, адвокаттың өтінішіне қарсылық танытты. Судья Арай Нұғманова сотта 28 мамырға дейін үзіліс жариялап, келесі сот отырысы адвокат Жандос Бұлхайырдың өтініші бойынша қабылданған шешімді жариялаудан басталатынын айтты.

Сәкен Тулбаев "Таблиғи Жамағат" діни ұйымының қызметіне қатысты деп айыпталып отыр. Астана соты бұған дейін бұл ұйымды экстремистік деп танып, Қазақстанда қызмет етуіне тыйым салған. Тулбаев өзінің "Таблиғи Жамағат" ұйымына мүше болғанын жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG