Accessibility links

Сот Өтембаевты босату шешімін күшінде қалдырды


Парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев. Астана, 28 мамыр 2015 жыл.
Парламент сенаты аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев. Астана, 28 мамыр 2015 жыл.

Астана қалалық сотының кассациялық алқасы бүгін 2066 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісін өлтіруге қатысы бар деп танылған Ержан Өтембаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуына берілген шағымды қабылдамай тастады.

Соттың Өтембаевты шартты түрде мерзімінен бұрын босату шешіміне кассациялық шағымды жәбірленуші жақ деп танылған Сәрсенбайұлының өкілдері түсірген. Сот отырысына Ержан Өтембаевтың өзі де қатысты.

Бүгінгі сот отырысында қастандықтан қаза тапқан саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбай Өтембаев "саяси қастандыққа шынайы тапсырыс берушілерді атамағандықтан еркіндікте жүре алмайтынын" мәлімдеді.

Жәбірленуші жақ Өтембаевқа саясаткердің өлімі мен оны ұйымдастырушыларға қатысты бірнеше сұрақ қойған. Бірақ Өтембаев ол сұрақтар бұл сот отырысының қарауына кірмейтінін айтып, жауап беруден бас тартты.

2006 жылы ақпан айында Қазақстан оппозициясы басшыларының бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы екі көмекшісі - Василий Журавлев және Бауыржан Байбосынмен бірге Алматыда жұмбақ жағдайда кісі қолынан қаза тапқан еді.

Сол 2006 жылы сот бұл қылмысқа парламент сенаты аппаратының жетекшісі болған Ержан Өтембаев «тапсырыс берген» деп, оны 20 жылға соттаған. Бірақ 2013 жылы 20 желтоқсан күні Қазақстанның бас прокуратурасы «Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге шын мәнінде Рахат Әлиев тапсырыс берген» деп мәлімдеді.

Жоғарғы сот 2013 жылы желтоқсанның 19-ы күні Өтембаевқа қатысты үкімнің күшін ішінара жойып, істі Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотына қайта қарауға жіберген. 2014 жылы ақпанның 3-і күні Ержан Өтембаевқа қайта үкім шығып, оны «қылмысқа айдап салушы» ретінде 13 жылға қайта соттаған. Ол өзін шартты түрде мерзімінен бұрын босату жайлы өтінішті қазан айында жазған еді. Ал қараша айында сот оның өтінішін қанағаттандырған.

XS
SM
MD
LG