Accessibility links

Саакашвили Одесса губернаторы болып тағайындалды


Украина президенті Петр Порошенко (сол жақта) және Одесса облыстық әкімшілігінің губернаторы қызметіне жаңадан тағайындалған Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили. Украина президентінің ресми сайтындағы сурет.

Украина президенті Петр Порошенко (сол жақта) және Одесса облыстық әкімшілігінің губернаторы қызметіне жаңадан тағайындалған Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили. Украина президентінің ресми сайтындағы сурет.

Украина президенті Петр Порошенко Одесса облыстық әкімшілігінің губернаторы қызметіне Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилиді тағайындаған. Осы уақытқа дейін Украина президентінің кеңесшісі және «Халықаралық реформалар консультативтік кеңесі» жетекшісі болған Саакашвили жұма күні Украина азаматтығын алған.

Тбилиси Саакашвили басқаратын «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясында жік шыққан соң іле-шала, бұдан бір жыл бұрын Украина үкіметіндегі бірінші вице-премьер қызметінен бас тартқан экс-президенттің Одесса губернаторы болуға келісуі кездейсоқтық емес деп санайды.

Грузия әділет министрлігі ұлттық заңнама бойынша екі елдің азаматы болуға тыйым салынғаны себепті Украина азаматы атанған Михаил Саакашвили енді Грузия азаматы бола алмайды деп хабарлады. Грузия заңы бойынша, тек ерекше жағдайда ғана президент жарлығымен екінші азаматтық беріледі.

Грузин азаматтығынан айырылған соң Саакашвили, 2001 жылы өзі негізін қалаған, қазіргі кезде оппозициялық «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясын да басқара алмайды. Өзі басқаратын партия 2012 жылы парламент сайлауында жеңілген соң Михаил Саакашвили Грузиядан шетелге кетіп қалған. Көп ұзамай бас прокуратура оның үстінен «лауазымын асыра пайдаланған» және «мемлекет қаржысын талан-таражға салған» деген айыптармен төрт қылмыстық іс қозғаған.

Михаил Саакашвили өзіне тағылған айыптардың барлығын «саяси қудалау» деп санайды.

Биылғы сәуір айында Киев Саакашвилиді Отанына мәжбүрлеп қайтаруды сұраған Тбилисидің ресми өтінішін орындаудан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG