Accessibility links

Байқоңырдан зымыран ұшыру уақытша тоқтатылған


Ресейлік «Протон-М» зымыранының ғарышқа ұшырылған сәті. Байқоңыр, 16 мамыр 2015 жыл.

Ресейлік «Протон-М» зымыранының ғарышқа ұшырылған сәті. Байқоңыр, 16 мамыр 2015 жыл.

Байқоңыр ғарыш айлағынан биыл сәуір мен мамыр айларында ұшырылған екі зымыранның бірінен соң бірі апатқа тап болуына байланысты зымыран ұшыру уақытша тоқтатылды деп хабарлайды «Интерфакс» агенттігі.

Сәуірдің 28-інде «Союз-2-1А» зымыранымен ұшырылған ресейлік «Прогресс М-27М» жүк кемесі техникалық ақауына байланысты халықаралық ғарыш станциясына жете алмағаны, ал 16 мамыр күні MexSat-1 спутнигін тиеп ұшқан «Протон-М» зымыран тасығышының 161 километр биіктікте жанып кеткені хабарланған.

«Қазір жүргізіліп жатқан тергеу аяқталғанша ұшыруға тыйым салынған. Осыған байланысты, 2015 жылғы маусым айында Байқоңырдан зымырандар ұшырылмайды» деп хабарлаған «Интерфакс» агенттігіне ғарыш айлағындағы дереккөзі.

Биыл жыл басынан бері Байқоңырдан алты зымыран ұшырылып, олардың екеуі сәтсіз аяқталған. «Интерфакстың» ақпараты бойынша, шілденің 3-і күні Байқоңырдан «Прогресс М-28М» жүк кемесін ұшыру жоспарланған.

Қазақстанның Қызылорда облысында орналасқан Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейдің «Роскосмос» ғарыш агенттігі 2050 жылға дейін жалға алған.

XS
SM
MD
LG