Accessibility links

Санадағы хуситтер нысандарына соққы берген


Қарулы хуситтер тобының өкілі. Сана, 25 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Қарулы хуситтер тобының өкілі. Сана, 25 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Сауд Арабиясы жетекшілік ететін халықаралық коалиция күштері Йемен астанасы Сана қаласында қарулы хуситтер бақылауындағы нысандарға әуеден соққы берген. Сана әуежайы ауданы мен президент сарайы маңындағы хуситтер бекіністері нысанаға алынған. Сонымен бір мезгілде Сауд Арабиясы мен Йемен арасындағы шекарада кескілескен шайқастар жүрген.

Йеменнің шетелге қашқан президенті Абд-Раббу Мансур Хадидің билікті қайта қолға алуын қамтамасыз ету мақсатымен хуситтерге қарсы әуе операциялары наурыз айында басталған. Абд-Раббу Мансур Хадиге қарсы көтеріліп, оны Сауд Арабиясына кетуге мәжбүр еткен хуситтерге (мұсылман-шииттер) Иран қолдау білдіреді.

Хуситтер бақылауындағы телеарна сенбі күні көтерілісшілердің қарулы топтары екі елдің шекарасының оңтүстік-батыс тұсындағы Сауд Арабиясының Нажран қаласын зымыраннан атқылағанын хабарлады.

БҰҰ деректері бойынша, Йеменде қарулы жанжал басталған наурыз айынан бері шамамен 1900 адам қаза тауып, жеті мыңдай адам жараланған.

XS
SM
MD
LG