Accessibility links

Өзбек құқық қорғаушысы: Полициядан жәбір көрдім


Өзбекстандық құқық қорғаушы Елена Урлаева.

Өзбекстандық құқық қорғаушы Елена Урлаева.

Өзбекстанның танымал құқық қорғаушысы Елена Урлаева елдегі мақта саласында мәжбүрлі жұмыс күшінің пайдаланылатыны туралы айғақ жинаған соң өзін полиция ұстап, зорлық-зомбылық пен жыныстық кемсітушілікке ұшыратқанын хабарлады.

Өзбекстан құқық қорғаушылар альянсының жетекшісі Урлаева Ташкенттен оңтүстік-батысқа қарай 60 километр қашықтықтағы Шиназ қаласында билік орындары күштеп мақта алқабына жұмысқа салған мұғалімдерден сұхбат алып, суретке түсіргеннен кейін, мамырдың 31-інде өзін полиция ұстағанын айтады. Урлаеваның сөзінше, оны полицейлер жергілікті полиция бөлімшесіне апарып, түсірген суреттері мен флэш-картасын тексерген.

Ол бөлімшеге шақыртумен келген дәрігерлер өзін "шешіндіріп, ұятты жерлерін тексергенін" айтады.

58 жастағы Урлаева халықаралық құқық қорғаушылар арасында жақсы танымал. Ол жиырма жылға жуық уақыт бойы президент Ислам Каримов үкіметі жасаған заң бұзушылықтарды, оның ішінде балаларды мақта алқаптарындағы жұмыстарға күштеп жегу жайттарын тіркеуге алып келеді.

Human Rights Watch халықаралық ұйымының Бішкектегі Орталық Азия бойынша өкілі Стив Свердловтың сөзінше, Елена Урлаеваның ұсталып, полиция бөлімшесінде "жәбір көруі" "елдегі азаматтық қоғамды қатаң басуға" ниетті екенін көрсетеді.

"Біз Өзбекстанда түрмеден тыс жерде зұлымдықтың мұндай түрін сирек көреміз. Сондықтан халықаралық қауымдастықтың, оның ішінде АҚШ пен Еуропа Одағының бұған жедел және нақты жауап қатқанын талап етеміз" деді Свердлов Азаттыққа телефон арқылы.

XS
SM
MD
LG