Accessibility links

Travelsystem компаниясы жұмысы тоқтағанын хабарлады


Travelsystem.kz сайтындағы компания жұмысы тоқтатылғаны туралы хабарлама скриншоты. 3 маусым 2015 жыл.

Travelsystem.kz сайтындағы компания жұмысы тоқтатылғаны туралы хабарлама скриншоты. 3 маусым 2015 жыл.

Қазақстандағы ірі туристік операторлардың бірі - Travelsystem компаниясы жұмысын тоқтатқанын хабарлады. Бұл туралы ақпарат компанияның ресми сайтында жарияланды. Азаттық тілшісі жағдайды білмек болып компанияға хабарласқан еді, телефонын ешкім көтермеді.

Қазақстан туристік агенттіктері ассоциациясының ресми өкілі Денис Кривошеевтің Азаттыққа айтуына қарағанда, Travelsystem компаниясынан туристік жолдама алған жүздеген қазақстандыққа барған елдеріндегі қонақүйлерден шығып қалу қаупі төніп тұр.

Инвестиция және даму министрлігі қазір бұл мәселемен айналысатын жедел штаб құрылып жатқанын хабарлады. Министрліктің туризм индустриясы департаменті директоры Тимур Дүйсенғалиевтің Азаттыққа айтуынша, вице-министр Женіс Қасымбек басшылық ететін штаб құрамына министрлік, азаматтық авиация комитеті, Қазақстан әуе компанияларының, сыртқы істер министрлігі мен кәсіпкерлер палаталарының өкілдері кіреді.

- Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызметі біздің шетелдегі азаматтарымызбен жұмыс істейді. Біз жағдай реттелген соң құқықтық жағынан жұмыс істейміз, яғни азаматтардың шағымы бойынша бас прокуратура мен сотқа Travelsystem компаниясының лицензиясын тоқтатуды сұраймыз, - деді Дүйсенғалиев Азаттыққа.

Өткен айда қазақстандық ақпарат құралдары SCAT әуе компаниясы Travelsystem компаниясын қарызын төлеуді талап етіп, сотқа бергенін хабарлаған. Travelsystem ол кезде "сотқа шағымдану компания жұмысына әсер етпейтінін" айтқан.

Travelsystem компаниясы Қазақстан нарығында бірнеше жылдан бері жұмыс істеген. Компания Түркия, Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне саяхат ұйымдастырумен айналысқан.

XS
SM
MD
LG