Accessibility links

ААК: Travelsystem туристері Түркиядан ақысыз оралады


Travelsystem.kz сайтындағы хабарламадан скриншот. 3 маусым 2015 жыл.

Travelsystem.kz сайтындағы хабарламадан скриншот. 3 маусым 2015 жыл.

Азаматтық авиация комитеті бүгін қызметін тоқтатқан Travelsystem компаниясының жолдамасымен Түркияға барған қазақстандық туристерді қайтару үшін әуе компанияларымен "сақтандыру жұмыстарын" жүргізеді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Талғат Ластаев мәлімдеді.

"Барлық жолаушылар ешқандай қосымша ақысыз қайтарылады. 19 маусымға дейін "Эйр Астана" компаниясының Алматы-Анталия және Астана-Анталия рейстері ұшады. Жоспар бойынша барлығы 13 рейс болады" деді Ластаев.

Travelsystem компаниясы бүгін ресми сайтында компанияның қызметін тоқтатуына себептердің бірі - "нарықта компанияның тұқарсыздығы туралы қауесет тарауынан соңғы екі аптада сатылымның болмауы" деп хабарлаған.

Инвестиция және даму министрлігінің мәліметінше, Travelsystem компаниясынан жолдама сатып алған 600-ден бір мыңға дейін турист Түркияда тұрып жатқан қонақүйлерінен шығып қалуы мүмкін. Ал туристердің бұл компаниядан бұрын сатып алынған барлық турлары тоқтатылады.

Компания өкілдерінің ақпаратына қарағанда, қазір шетелге кеткен барлық туристерге Қазақстанға қайту билеттері әперілген. Компания "Tengri Travelsystem" фирмасымен жарамды келісім-шарты бар туристік агенттіктер клиенттеріне барлық турлардың тоқтатылатынын ескертуі қажет дейді.

Инвестиция және даму министрлігінің туризм индустриясы департаменті директоры Тимур Дүйсенғалиев бұл мәселемен айналысатын жедел штаб құрылып жатқанын айтқан.

XS
SM
MD
LG