Accessibility links

Орыс шіркеуі Франция және Шотландия шіркеулерімен байланысын үзеді


Орыс православие шіркеуінің басшысы патриарх Кирилл.
Орыс православие шіркеуінің басшысы патриарх Кирилл.

Орыс православие шіркеуі бір жыныстылар некесіне қатысты ұстанымдарына байланысты Франция мен Шотландиядағы негізгі протестанттық шіркеулермен байланысын үзетінін мәлімдеді. Мәскеу патриархатының хабарлауынша, Францияның Біріккен протестанттық шіркеуі өткен айда пасторлардың бір жыныстылар некесін қиюына рұқсат еткен соң және Шотландия Пресвитериандық шіркеуі некедегі бір жыныстылардың діни қызметке тұруына рұқсат еткеннен кейін "бұл діни институттармен шартты түрде байланыс орнатудың мәні жоқ".

"Біз қазір христиан әлемінде теологиялық мәселелерде ғана емес, моральдық құндылықтарға қатысты да жаңа қайшылықтар барын өкінішпен мойындаймыз" делінген патриархат мәлімдемесінде.

2003 жылы Орыс православие шіркеуі АҚШ Епископтық шіркеуімен байланысын үзген. Оған АҚШ Епископтық шіркеуінің өзінің гомосексуалист екенін жасырмайтын адамға епископ дәрежесін беруі себеп болған. Ал 2005 жылы Орыс православие шіркеуі бір жыныстылардың азаматтық некеге тұруына рұқсат еткен Швеция Лютерандық шіркеуімен байланысын тоқтатқан.

Кейбір сарапшылар Орыс православие шіркеуін Кремльдің жыныстық азшылық топтар құқықтарын қорғайтындарды жүйелі түрде басу саясатын орындайды деп санайды.

XS
SM
MD
LG