Accessibility links

Түркияда парламент сайлауы өтіп жатыр


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған митингте сөйлеп тұр. Карс қаласы, 3 маусым 2015 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған митингте сөйлеп тұр. Карс қаласы, 3 маусым 2015 жыл.

Түркияда бүгін өтіп жатқан парламент сайлауы ел президенті Режеп Тайып Ердоған негізін қалаған «Әділет және даму» партиясы (ӘДП) үшін үлкен сын болғалы тұр. Егер партия жеңіске жетіп, парламенттегі көпшілік орынды иеленсе, онда Түркия конституциясына президенттің өкілетін кеңейтетін өзгерістер енгізуге мүмкіндік алмақ. Қазіргі конституция бойынша, билігі тым шектеулі президент көбіне тек символдық рөл атқарады.

Бұл жолғы сайлауда күрдтерді қолдайтын Халықтық демократиялық партияның (ХДП) қанша дауыс жинайтындығы да маңызды болмақ. Бұл партия күрдтер тұратын аймақтарды былай қойғанда, басқа өңірлерге де танылып, солшыл, либерал сайлаушылар арасында беделі өсе бастаған.

Маусымның 5-і күні ХДП сайлауалды шеру өткізіп жатқан Диярбакыр қаласында болған жарылыстар салдарынан екі адам қаза тауып, 200-ге жуық адам жараланған. Президент Ердоған бұл шабуылдарды «арандату» деп атап, «сайлауға көлеңке түсіретінін» айтқан.

Түркия парламентіндегі 550 орын үшін биылғы сайлау бәсекесіне 20 саяси партия түсіп жатыр. Елде дауыс беру құқығына ие азаматтар саны 53 миллионнан асады.

2014 жылы тамызда ел тарихында алғаш рет төте дауыс беру жолымен өткен президент сайлауы нәтижесінде Режеп Тайып Ердоған осы қызметке сайланған.

XS
SM
MD
LG