Accessibility links

Обама мен Меркель: Санкция күшінде қала береді


G7 елдері басшылары саммит кезінде. Германия, Гармиш-Партенкирхен, 7 маусым 2015 жыл.
G7 елдері басшылары саммит кезінде. Германия, Гармиш-Партенкирхен, 7 маусым 2015 жыл.

Германияның Гармиш-Партенкирхен қаласы маңында "Үлкен жетілік" (G7) елдері басшыларының кездесуі өтіп жатыр. Бүгін, саммиттің екінші күні батыстың экономикасы дамыған алты елі АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Канада, Италия мен Жапония басшылары Украинадағы жағдай, "Ислам мемлекеті" экстремистік тобымен күрес және халықаралық экономикалық мәселелерді талқыламақ. Бұл саммитке Ресей шақырылмаған.

Кеше саммит қарсаңында АҚШ президенті Барак Обама Германия канцлері Ангела Меркельмен және Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен жеке-жеке кездескен.

Ұлыбритания премьерімен кездесуі алдында Обама "жақсы дос әрі серігі" Кэмеронды сайлаудағы жеңісімен құттықтағанын мәлімдеген. Ол кездесуде Украинадағы дағдарыс мен Ресейге қарсы санкцияны қолдаудың маңыздылығы жөнінде айтқан. Обама Украина дағдарысын әлі де бейбіт, дипломатиялық жолмен шешуге болады деген пікірде екенін айтып, АҚШ пен оның Еуропадағы одақтастары "мұқият" болуы қажетін білдірген.​

Ақ үйдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Барак Обама мен Ангела Меркель Ресейге қарсы экономикалық санкциялар Минскіде жасалған Донбасстағы қақтығысты тоқтату келісімі толық орындалғанша және Мәскеу Украинаның егемендігін құрмет көрсетпейінше күшінде қалуы тиіс деп уағдаласқан.

Саммитте сөйлеген Ангела Меркель Мәскеу Украинадағы әрекеті үшін G7-ден "аулақ тұруы тиіс" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG