Accessibility links

Алматыда түйе шаруашылығын дамыту талқыланып жатыр


Өрістегі түйе, Алматы облысы. (Көрнекі сурет).

Өрістегі түйе, Алматы облысы. (Көрнекі сурет).

Алматыға Орталық Азияда алғаш болып түйе шаруашылығын дамыту келешегін зерттеу үшін зерттеу орталықтары, ғылыми-өндірістік және коммерциялық ұйымдардың өкілдері келді. Олар мұнда бірнеше күн бойы әлемдегі түйе шаруашылығын дамытудың келешегін талқылайды. Бұған дейін мұндай кездесулер Біріккен Араб Әмірліктері, Тунис пен Оман сұлтандығында өткен.

Қазақстанда СССР кезінде 1,2 миллионнан астам түйе болған. Қазір түйе басы 160 мыңға дейін азайып кеткен. Түйе қазақтар үшін төрт түлік малдың ең негізгісі саналған.

Мамандардың ұйғарымынша, түйе сүтінен жасалатын шұбатты 100-ге тарта ауруды, оның ішінде қант диабеті, туберкулез, тері және онкологиялық ауруларды емдеуге пайдалануға болады.

- Түйе шаруашылығы еліміздің мал шаруашылығындағы ең тартымды бағыттың бірі бола алады. Қазір мемлекет 1 литр шұбат өндіруге 55 теңге субсидия төлейді, - дейді Алматы облысындағы шаруа қожалықтарының бірінің иесі Садық Дәулетов.

Академик, Қазақстан ғылым академиясының вице-президенті Тілектес Есполовтың сөзінше, түйе шаруашылығы шөл және шөлейтті жерлердегі халықтың ет, сүт және жүнге деген сұранысын қамтамасыз етуге септесе алады.

"Түйе аса күй талғамайды. Оның еті, сүті, терісі мен жүні бірдей қажетке жарайды. Экономикалық тұрғыдан түйе өсіру басқа үй жануарларына қарағанда анағұрлым тиімді" дейді Есполов.

Қазақстанда бір өркешті және екі өркешті түйе өсіру дәстүрі сақталып қалған.

XS
SM
MD
LG