Accessibility links

Ердоғанның партиясы парламентте басым түсе алмады


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (оң жақ шетте) теледидарға түсіп жатқан актерлермен амандасып тұр. Стамбул, 7 маусым 2015 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (оң жақ шетте) теледидарға түсіп жатқан актерлермен амандасып тұр. Стамбул, 7 маусым 2015 жыл.

​Маусымның 7-сі күні саналған дауыс нәтижесі бойынша, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның «Әділет және даму» партиясы (ӘДП) 41 пайыз дауыс жинап, парламентіндегі 550 орынның 258-ін ғана иеленбек.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Түркиядағы парламент сайлауында президент Режеп Тайып Ердоғанның биліктегі «Әділет және даму» партиясы (ӘДП) партиясы парламенттегі көпшілік орынға ие бола алмай қалуы мүмкін. Қазірге дейін сайлауда берілген дауыстың 97 пайызға жуығы саналып біткен. Алдын ала мәліметтер ӘДП 41 пайызға жуық дауыспен қарсыластарынан алда тұрғанын көрсетеді. Болжам бойынша, партия парламенттегі 258 депутаттық орынға ие болуы ықтимал. Партия парламентте көпшілік орынға ие болу үшін кемінде 270 мандат алуы тиіс.

Дауыс қорытындысын ӘДП-ның жеңілісі деп қабылдағандар көп болды. Партия жеңіске жетсе, президенттің билігін күшейту үшін конституцияға өзгеріс енгізбек ниетте еді.

CNN Turk арнасы сайлау комиссияның дерегіне сүйене отырып, елдегі күрдтердің негізгі партиясы – Халықтық демократиялық партияның (ХДП) 13 пайыз дауыс жинағанын айтады. Парламентке өтудің төменгі шегі – 10 пайыздан асқан ХДП енді 79 орынға ие бола алады.

Осы жолы Түркиядағы сайлау шиеленісті өтті. Маусымның 5-і күні ХДП митингісі кезінде жарылыс болып, екі адам қаза тауып, оншақты адам жараланған еді. Маусымның 7-сінде ел премьер-министрі Ахмет Давутоглу мәлімдеме жасап, күдіктінің ұсталғанын айтқан.

Давутоглу сайлаудан соң ӘДП нақты жеңімпаз деп мәлімдеп, Түркиядағы саяси тұрақтылықты сақтап қалу үшін аянбайтынын айтты. «Бұл сайлауда ӘДП-ның жеңімпаз екеніне әркімнің көзі жетеді. Ешкім өзі жеңілген сайлаудан жеңіс жасауға тырыспасын» деді ол Анкарадағы штаб-пәтерінің балконынан сөйлеген сөзінде.

Ал ХДП Ердоғанның партиясымен коалиция құрмайтындарын айтты. «Бұрын айтқанымыздай, ӘДП-мен коалиция құрмаймыз. ХДП Түркиядағы нағыз саяси партияға айналды, Күрдтердің қонысы жайлы пікірі үшін ӘДП-ны Түркияның шығыс аймақтары қолдамайды» деді ХДП жетекшісі Селахаттин Демирташ.

Елдің оңтүстік-шығысындағы негізінен күрдтер тұратын Диярбакыр қаласында тұрғындар көшеге шығып, фейерверк атып, би билеп, күрд туын желбіретіп, Ердоғанға қарсы үндеулер айтты.

ВИДЕО: Күрд сайлаушыларының қуанышы

Күрд сайлаушыларының қуанышы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:50 0:00

Сайлау нәтижесін мысалға келтірген Демирташ Стамбулдағы баспасөз мәслихаты кезінде: «Түркияда президенттік билік болады, диктаторлық режіим жасаймыз деушілердің әңгімесі аяқталды» деді. Ол сайлау нәтижесін «плюралистік және азаматтық жаңа конститутцияны қолдайтындардың жеңісі» деп сипаттады.

Оңшыл қанаттағы Ұлттық қозғалыс партиясы (ҰҚП) 16 пайызға жуық дауыс алған. Бұл партия көптен бері ӘДП-мен коалиция болуға үміткер деп саналып келді. Бірақ ол партияның жетекшісі Девлет Бахчели ӘДП басқа оппозициялық партиялармен коалиция құра алмаса, жаңа сайлау өтуі керек дейді. «Бірінші мүмкіндік... ӘДП және ХДП арасында туған. Екіншісі – ӘДП, ХДП және ҰҚП үшеуі біріксе деген ой. Егер бұлардың бәрі жүзеге аспаса, мерзімінен бұрын сайлау өткізу керек» дейді ол.

Түркия парламентіндегі 550 орын үшін биылғы сайлау бәсекесіне 20 саяси партия түсті. Елде дауыс беру құқығына ие азаматтар саны 53 миллионнан асады.

Сайлаудан кейін маусымның 8-і күнгі ашық саудада түрік акциясы 6 пайыздан астам төмендеді, ал түрік лирасы долларға шаққанда 4 пайызға құлдырап, рекордтық төмен деңгейге жетті.

XS
SM
MD
LG