Accessibility links

Оралда киікті қорғау акциясы өтті


Оралдағы киіктерді қорғауға арналған акция. 9 маусым 2015 жыл.

Оралдағы киіктерді қорғауға арналған акция. 9 маусым 2015 жыл.

Бүгін Оралдағы Абай атындағы алаңда «Абырой» экологиялық бірлестігінің бірнеше мүшесі киіктерді қорғауға арналған акция өткізді. Акцияда белсенділер беттеріне киік бейнеленген маска тағып, киіктің жаппай қырылу себебін шынайы тексеруді талап етіп, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған хатты оқыды.

Белсенділердің пікірінше, Қызыл кітапқа енген 130 мыңға жуық киіктің қырылуы Ресейдің Қазақстандағы "ғарыштық және әскери іс-әрекеттерінен" болып отыр.

Азаматтық белсенді Азамат Мұқановтың сөзінше, белсенділер биліктен киік қырылуын тексергенде олардың өліміне Байқоңыр ғарыш айлағынан улы гептил отынын пайдаланатын "Протон" зымыран тасығышының ұшырылуын негізгі себеп ретінде қарастыруды талап етеді.

Белсенділер 2010 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында оралдық популяцияға тиесілі 12 жарым мың киік қырылуының алдында жергілікті тұрғындардың әуеден "сарғыш тұман байқағанын" айтады. Бұл ауданмен шекарада Қазақстан Ресейге әскери-сынақ полигонын жалға берген.

"Киіктер негізінен Ресеймен келісім бойынша "Протон" қалдықтары құлаған облыстарда жаппай қырылған. Біз ғарыш айлағын бірнеше миллион АҚШ долларына жалға береміз. Дүниежүзілік Қызыл кітапқа енгізілген киік шенеуніктеріміздің ашкөздігінің құрбаны болды. Біз Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан территориясында Ресейдің кез-келген әскери іс-әрекетін болдырмауға шақырамыз" делінген белсенділер оқыған хатта.

2015 жылдың 2 маусымындағы есеп бойынша, Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарында 132 мыңнан астам киік қырылған.

XS
SM
MD
LG