Accessibility links

Назарбаев: Экстремизмді исламмен ақтауға болмайды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. (Көрнекі сурет).

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. (Көрнекі сурет).

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада өтіп жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бесінші құрылтайында сөз сөйледі.

Құрылтайда Назарбаев соңғы құрылтай өткен үш жылдан бері әлемде "адамдар арасында діни өзгешелік негізінде алауыздық тудырудың шектен шыққан жаңа әрекеттері пайда болғанын" айтты. 21 ғасырда саяси, экономикалық, мәдени және рухани саладағы диалогқа "балама ешнәрсе жоқ екенін" айтқан Назарбаев қарсыласушы тараптардың келіссөз үстеліне отырып, барлық қайшылықты бейбіт жолмен шешуге келісім жасауы қажетін жеткізді.

"Кез-келген мемлекетте және халықаралық қатынастарда саяси қайшылықтарды күшпен шешу доғарылуы тиіс. Ақпарат құралдарын, оның ішінде интернетті адамдар арасында дінаралық алауыздықты тұтату құралы ретінде пайдалануды тоқтату керек" деді Назарбаев.

Ирак пен Сирияның біраз жерін басып алған "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы содырларының интернетке өзге дін өкілдерін қырып жатқаны туралы кадрларды салып, тарататыны жайлы сөз қозғаған Назарбаев әлемдік барлық діндердің "сабырлылыққа, соғыс пен қақтығысты тоқтатып, адамдар арасындағы келіссөзге шақыратынын" айтты.

"Әлемдік өзге де діндер сияқты ең төзімді діндердің бірі - ислам. Исламды экстремизм, терроризмнің кез-келген формасын ақтап алу үшін пайдалану - дінді қорлау" деді Назарбаев.

XS
SM
MD
LG