Accessibility links

Теміртауда кәсіпкерлер меморандум қабылдады


Отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі кәсіпкерлер форумы. Теміртау, 10 маусым 2015 жыл.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі кәсіпкерлер форумы. Теміртау, 10 маусым 2015 жыл.

Теміртауда бүгін кәсіпкерлер форумының қорытындысында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы, "Қазақмыс" корпорациясы мен Қарағанды облысындағы кәсіпорындары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум бойынша жеті миллиард теңгенің тауарын сатып алуға уағдаластық жасалған. Форумды ұйымдастырушылар өндірісте қазақстандық өнім үлесін барынша арттыру үшін жергілікті тауар өндірушілерді мейлінше көптеп тартуға тырысқан.

- Шетел өнімін сатып алатын бірқатар кәсіпорындар бар. Біз оларға қазақстандық өнімді алуды ұсындық. Ірі кәсіпорындарды бірнәрсе сатып алуға мәжбүрлеу қиын. Бірақ біз экономикалық жағынан ынталандыруды қолдануға тырысамыз. Жергілікті тауар өндірушілерде бір ғана мәселе бар - олардың біразында жақсы маркетингтік қызмет жоқ болғандықтан ірі кәсіпорындарға шыға алмайды, - деді Азаттыққа Қарағанды облысы әкімінің өнеркәсіп мәселелері жөніндегі орынбасары Әнуар Ахметжанов.

Кейбір кәсіпкерлер отандық тауардың бәсекеге қабылеттілігі рубльдің арзандауынан біршама түсіп кетіп, жағдай қиындай бастағанын мәлімдеді. Форумға қатысушылар әлемдік экономикадағы жағдай нашарлап тұрғандықтан экономикалық тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселесін өте өзекті деп атады.

- Қазір Қазақстанда жұмыс ауыр жүріп жатыр. Басқа нарықтарда да проблемалар бар. Мысалы, рубль бағамының арзандауынан Ресей нарығында біздің бәсекелестеріміз өнімдерін арзанға сатады. Сондықтан біздің жағдайда бізге патриотизм өте қажет. Отандық өндірушілер бізге өз өнімдерін сатып қана қоймай, өздері де сатып алғаны маңызды, - деді "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының атқарушы директоры Иво Хмелик.

XS
SM
MD
LG