Accessibility links

Иран келіссөзіне хакерлік шабуыл жасалмақ болған


Иран келіссөзіне қатысушы елдердің өкілдері. Женева, 30 мамыр 2015 жыл.

Иран келіссөзіне қатысушы елдердің өкілдері. Женева, 30 мамыр 2015 жыл.

Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөзге қатысы бар компьютерлік желілерге компьютер вирустарын қолдану арқылы хакерлік шабуыл жасалмақ болды деп хабарлады ресейлік Kaspersky Lab компьютер қауіпсіздігі компаниясы.

Kaspersky Еуропадағы Иран мен әлемдік алты держава арасындағы келіссөз өткен қонақүйде және компанияның өзінің компьютерлерінде қолданылған компьютерлік бағдарлама табылғанын айтады.

Kaspersky мен америкалық компьютер қауіпсіздігімен айналысатын Symantec компаниясы бұл вирустың бұған дейін анықталған Duqu деп аталатын тыңшылық жасайтын бағдарламасын таратқанын айтады. Интернет қауіпсіздігі жөніндегі сарапшылар Duqu бағдарламасын Израиль жасап шыққан деп санайды.

"2014-2015 жылдарда пайда болған жаңа вирустардың кейбірі Иран келіссөзіне қатысты компьютерлік желілерден табылды" делінген Kaspersky мәлімдемесінде.

Иран мен әлемдік алты держава - АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Германия арасындағы келіссөз Женева, Лозанна, Монтре, Мюнхен және Венада өткен.

Ақпан айында АҚШ Израильді Вашингтонның ұстанымын бұрмалау үшін келіссөзден астыртын алынған ақпаратты іріктеп пайдаланды деп айыптаған.

Израиль Иран келіссөзінің дипломатиялық жолмен шешілуін айыптап, Тегеранмен қандай да бір келісім жасасу бұл елдің ядролық қаруға ие болуға деген ұмтылысын тежейтініне күмән келтірген.

XS
SM
MD
LG