Accessibility links

Адвокат: Голышкинді тергеуде заң бұзылып жатыр


"Версия" газетінің қамаудағы бас редакторы Ярослав Голышкиннің адвокаты Дмитрий Куряченко өткізген баспасөз жиыны. Алматы, 15 маусым 2015 жыл.

"Версия" газетінің қамаудағы бас редакторы Ярослав Голышкиннің адвокаты Дмитрий Куряченко өткізген баспасөз жиыны. Алматы, 15 маусым 2015 жыл.

Павлодардағы "Версия" газетінің бас редакторы, "ақша бопсалады" деген күдікпен қамауға алынған Ярослав Галышкинның адвокаты Дмитрий Куряченко бүгін Алматыда "тергеу барысында заң бұзушылықтар жіберіліп жатқанын" мәлімдеді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) арнайы тобы "Павлодар облысы әкімі Қанат Бозымбаевтан ақша бопсалау" ісі бойынша ұстаған Голышкин 16 мамырда екі айға қамалған.

Тергеу деректері бойынша, шенеуніктен бір қыздың өзін "әкімнің ұлы Бозымбаевтың резиденциясында зорлады" деп айыптайтын видеосы үшін ақша бопсалаған. Кәсіпкер Нұржан Сүлейменов "ақша алып жатқан жерінде" қолға түскен.

Адвокаттың пікірінше, тергеу жүргізудің өзінде заң бұзылған. "Меніңше, бұл істі республикалық ҰҚК қарамауы керек. Себебі бұл - ішкі істер органдары айналысатын іс. Екіншіден, мені қорғауымдағы адаммен кездестірмеу үшін қолдан кедергі жасап отыр. Облыстық прокуратураға жазған шағымдарыма бір де бір жауап келген жоқ" дейді Дмитрий Куряченко.

Куряченко Голышкинмен бірге Қазақстан бас прокуратурасына хат жазып, журналиске тағылған айыптың негізсіз екенін айтқан. "Жәбірленуші Бозымбаевтың өзі мәлімдемесінде өзінен ақша бопсалағандарды атап көрсеткен. Онда Голышкиннің аты-жөні жоқ" дейді адвокат.

Бұл іс бойынша куәгер болған, зорландым деген қыздың құрбысы Эльмира қазір куәгерден айыпталушыға айналып, абақтыға жабылған. Бұл туралы оның анасы Жұлдыз Құлиева айтты. Анасының айтуынша, бұған дейін екі қыз да жалдамалы пәтерге тұрғызылып, істе маңызды куәгер болып, ҰҚК-нің қорғауында болған.

"Екі қызға мен жалдаған адвокатты түрлі сылтаумен кіргізбейді. Адвокат тек одан сотта өзінің мүддесін қорғайтынына сенім білдіретіні туралы қолхат алған" дейді Жұлдыз Құлиева.

Дмитрий Куряченко Ярослав Голышкиннің журналистік зерттеуі кезінде жинаған материалдары үшінші адамның қолына түсіп, Қанат Бозымбаевты бопсалауда пайдаланылуы мүмкін екенін ждоққа шығармайды.

XS
SM
MD
LG