Accessibility links

Астанадағы ондаған саяжай жарықсыз қалды


Астана маңындағы жер үйлер. (Көрнекі сурет)
Астана маңындағы жер үйлер. (Көрнекі сурет)

Астанадағы электр қуатын таратушы компания «Газовик» саяжайындағы 70 үйді жарыққа қарыз болуы себепті желіден ажыратты. Олардың борышы 26 миллион теңгеге жеткен.

«Астана аймақтық электр желісі» компаниясы (Астана-РЭК) саяжай иелеріне қарыздарын өтеу туралы бірнеше мәрте ескерту берілгенін хабарлайды. Алайда қарыз иелері бұл шараға құлақ аспаған. «Почтовик» саяжайы да осындай себеппен жарықтан ажыратылған.

«Газовик» саяжайлар кооперативі төрайымы Ульяна Громованың айтуынша, бұл жолы қарыз иелері бір тәулік жарықсыз отырады.

- Адамдар электр қуатын ұрлайды. Біз оны тіркеп отырмыз. Олардың көбі желіге өз беттерінше қосылып алады. Электр қуаты шығыны өте көп. Біздің желілер ескі, бірақ РЭК олардың тозығы жеткенін ескере бермейді. Бұл жерде бірнеше фактор бар, - дейді Ульяна Громова.

Оның сөзіне қарағанда, қарыз иелерін электр қуатынан ажырату - Астана қаласы әкімдігі мен «Астана аймақтық электр желісі» компаниясы (Астана-РЭК) бірлесіп қолданған шара.

- Қазір 20 шақты саяжайлар қоғамын (кооператив) электр қуатынан ажыратып жатыр. Бүгін үшеуін өшірді, кеше екі саяжайды жарықтан ажыратқан. Келесі апта бесеуін өшіреді. Бір тәулікке өшіріп қойып жатыр. Төлемесе, осыны қайталай береді. Әкімдік шешімі сондай. Мүлде өшіріп тастамайды, - дейді Громова.

Алайда «Газовик» кооперативінің кейбір тұрғындары Азаттық тілшісіне электр қуатына үнемі уақтылы төлеп отырғандарын айтты. Олар "басқалардың кінәсінен жарықсыз отырғымыз келмейді" дейді.

Астана салынып жатқан кезде құрылыс жұмыстарына аймақтардан көп адам ағылған еді. Олардың кейбірі баспана сатып алуға немесе пәтер жалдауға шамасы жетпегендіктен, саяжайларға қоныстанған. Астана билігі оларға "саяжайлардың тұрақты тұруға жарамайтынын, маусымдық баспана" екенін бәрнеше мәрте ескерткенін айтады.

XS
SM
MD
LG