Accessibility links

"Махаббат" тұрғындары "Нұр Отаннан" көмек сұрады


"Махаббат" тұрғын үй кешені тұрғындары "Нұр Отан" партиясы филиалы алдында "М" әрпін бейнелеп тұр. Астана, 19 маусым 2015 жыл.

"Махаббат" тұрғын үй кешені тұрғындары "Нұр Отан" партиясы филиалы алдында "М" әрпін бейнелеп тұр. Астана, 19 маусым 2015 жыл.

Бүгін Астанада "Махаббат" тұрғын үй кешенінің мүлік дауына тап болған он тұрғыны "Нұр Отан" партиясының қалалық филиалы алдында флеш-моб өткізді. Тұрғындар өз проблемаларына назар аударту үшін партия филиалы ғимаратының кіреберісіне "М" әрпін бейнелеп тұрды.

"Махаббат" кешені тұрғындарының өкілі Махамбет Әбжан олар биліктегі "Нұр Отан" партиясы кеңсесіне партияның қалалық филиалын өздерінің тұрғын үй дауына қатысты келіссөзде арағайындық жасауды сұрап хат тапсыру үшін барғанын айтады.

Әбжанның сөзінше, қазір кешендегі 32 пәтерде тұратын 500 тұрғынды үйден шығару қаупі төніп тұр. Тұрғындар бұған дейін өздерін үйлерінен шығарып тастамауды талап еткен соттың барлығында жеңіске жеткен. Бірақ енді кешен қожайындары - "Агрофирма Қазэкспортастық" пен "ҚазАгроХолдинг" компаниялары сотқа қайта шағымданып, тұрғындарды үйден шығаруға әрекеттеніп жатыр.

Тұрғындар қазір тұрып жатқан пәтерлерін шаршы метрін 900 АҚШ долларынан, бөліп төлейтіндей етіп сатып алғысы келеді. Бірақ пәтер иелері бұл шартқа келіспейді.

«Махаббат 1» және «Махаббат 2» кешені тұрғындарының баспана дауы басталғалы көп болды. Олардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын пәтерлердің бұрынғы қожайыны - «Агрофирма Қазэкспортастық» компаниясы тұрғындармен пәтерлерді «әуелі жалға береміз, кейін сатып аласыңдар» деп келісім-шартқа отырған. Кейіннен «тіркейміз» деген желеумен келісім-шарттарды жинап алған компания оларды тұрғындарға қайтарып бермеген. Тұрғындар пәтерлерін жалға алғаны үшін әуелде айына 25 мың теңгеден, кейін 40 мың теңгеден төлеп келгендерін айтады. Бірақ соңғы иелері пәтерді босатуды талап етіп, тұрғындардан ақша алуды тоқтатқан.

Өткен жылы және таяуда Астанада бұл кешендердің тұрғындары бірнеше рет қарсылық акциясына шыққан.

XS
SM
MD
LG