Accessibility links

ОҚО-да 1300-ге жуық «адасқан» азамат анықталған


Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы "Әлеуметтік бастамалар орталығының" директоры Нұржан Тұрсынбай. Шымкент, 22 маусым 2015 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы "Әлеуметтік бастамалар орталығының" директоры Нұржан Тұрсынбай. Шымкент, 22 маусым 2015 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысында тыйым салынған және дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүрген 1300-ге жуық азамат анықталғаны туралы бүгін Шымкенттегі «Оңтүстік» ақпарат орталығында Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы «Әлеуметтік бастамалар орталығының» директоры Нұржан Тұрсынбай мәлім етті деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Нұржан Тұрсынбайдың сөзінше, орталықтың 17 теолог маманы Қазақстанда тыйым салынған және дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде кеткен азаматтармен жұмыс істеу мақсатында 3 мың 200-ден астам жеке кездесу өткізуді жоспарлаған.

«Адасып жүрген бұл бауырларымызды үш категорияға бөлдік. Біріншісі, теріс бағытқа терең кетіп қалғандар мен бейресми шетелдерде оқып келген азаматтар. Бұл категориядағы азаматтардың санасының уланып кеткені соншалық, олардың бетін бері қайтару өте қиын. Екінші категория бірінші категориядағы адамдардың төңірегінде жүрген, олардың уағыздары мен таратқан кітаптарын оқып жүргендер. Ал үшіншіс топтағылар енді бастап, теріс ағымда жүруге ниеттенген азаматтар», - дейді Нұржан Тұрсынбай.

Нұржан Тұрсынбай Оңтүстік Қазақстан облысында тыйым салынған және дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүргендерге арнайы сараптама жүргізілгенін, нәтижесінде құзырлы орындармен бірге заң шеңберінде 1300-ге жуық азаматты анықталғанын хабарлады.

«Әуелі теріс ағымға кіріп кеткен азаматтардың мекен-жайы мен жұмыс істейтін орындары анықталды. Бүгінде адасқан азаматтар көп шоғырланатын базар, сауда орындары, бірім беру орталықтары мен мешіттерде теолог мамандар жұмыс жүргізуде. Мысалы, соңғы екі аптада теологтар елуге жуық адасқан азаматпен кездесіп, әңгіме жүргізген», - дейді ол.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

XS
SM
MD
LG