Accessibility links

WikiLeaks: АҚШ Франция президенттерін аңдыған


Франция президенті Франсуа Олланд.
Франция президенті Франсуа Олланд.

АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігі Франция президенттері Жак Ширак, Николя Саркози және Франсуа Олландқа аңду жүргізген деп хабарлады WikiLeaks сайты. Алғаш бұл ақпарат француздың Liberation газеті мен Mediapart ақпараттық сайтында жарияланған. Онда аңду 2006-2012 жылдар аралығында - Франсуа Олланд Николя Саркозиді алмастырғанға дейін жүргізілгені айтылған.

WikiLeaks-тің мәліметінше, тыңшылық француз басшыларының байланыс арналарына, Франция министрлер кабинетінің мүшелері мен Францияның АҚШ-тағы елшісіне де жасалған.

Сайт Ұлттық қауіпсіздік агенттігінен алынған құжаттарда Елисей сарайы қызметкерлерінің біразының, оның ішінде президенттің өзінің ұялы телефон нөмірлері барын айтады. Құжаттарда француз үкіметі мүшелерінің әлемдік қаржы дағдарысы, Грекияның несие мәселесі, Олланд әкімшілігі мен Германия канцлері Ангела Меркель үкіметі арасындағы қарым-қатынас тақырыптарында телефонда сөйлескен жазбалары бар.

Олландтың көмекшісі Франция президенті 24 маусымда WikiLeaks-те жарияланған ақпаратты талқылау үшін қорғаныс кеңесінің жиынын өткізетінін хабарлады.

XS
SM
MD
LG