Accessibility links

Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі мерзімінен бұрын босатуға өтініш берді


Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев.

Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеев.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ комитеті басқармасы басшы​сы Мирболат Көпесов Азаттыққа Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевтің 24 маусым күні "жазасын өтеу мерзімі кезіндегі үлгілі тәртібі үшін мерзімінен бұрын босатуға өтініш түсіргенін" хабарлады.

Көпесовтің Азаттыққа жазбаша жауабында соттың Орақ Сарбөпеевтің арызын "алдағы сәрсенбі" (1 шілде) күні қарап, босату-босатпау туралы шешімін шығаратыны айтылған.

2012 жылы қыркүйекте Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық соты Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевті "қылмыс жасауға дайындалды" деген айыппен 10 жылға соттаған.

Сарбөпеевтің соты әуелде 2012 жылы мамырдың 25-інде Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық сотында басталып, прокурор "қаржы жымқырды" деп айыпталған оны 13 жылға соттауды, дүние-мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызмет істеуіне шектеу қоюды өтінген еді.

Маусымның 22-сінде Ақтау қаласында алқа билер соты шешімінің негізінде Орақ Сарбөпеев «қызметін асыра пайдаланды және пара алды» деген айып бойынша кінәсіз деп танып, сот залынан бостандыққа шығарды. Алайда арада бір жарым ай өткен соң, тамыздың 2-сі күні алдыңғы соттың шешімі бұзылып, Сарбөпеевтің үстінен қайтадан іс қозғалған.

Екінші сот та Ақтауда жүріп, бірақ соңына жетпей тоқтап қалған. Прокурорлар «кейбір алқа би мүшелерінің әрекеті күмәнді көрінгендіктен» істі қайта тергеуге жіберуді сұраған еді.

2012 жылы қыркүйектің 19-ы күні Ақтөбе қаласында Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Орақ Сарбөпеевтің соты алқа билердің жаңа құрамымен қайта басталған.

XS
SM
MD
LG