Accessibility links

Алматыда зейнеткерлер Назарбаевқа хат жолдады


Алматыда көпшілігі зейнеткер ондаған азамат бүгін "Нұр Отан" партиясының қалалық филиалына барып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, депутаттар мен үкіметке үндеу жолдады.

Жиналғандар Қазақстандағы зейнеткерлерге қатысты және зейнетақымен қамту саясатымен, тарифтермен келіспейтінін білдірді.

Үндеуінде зейнеткерлер бірнеше сауал қойып, пікірлерін білдірген. "Зейнетақымыздың көлемі шамамен 190 АҚШ долларын (шамамен 35 мың теңге) құрайды. Оның 15 мың теңгесін (шамамен 80 доллар) біз бір бөлмелі пәтердің коммуналдық қызметіне төлейміз. Қалған 20 мыңы емделуге, тамағымыз бен қажетті заттар алуға қалады. Бірақ бұл ақша я емделуге, я тамағымызға жетпейді" делінген зейнеткерлердің зейнетақымен қамтамасыз ету туралы сауалында.

Партия кеңсесіне барғандар Алматы әкімі Ахметжан Есімовтің соңғы екі жылда өздерін бір рет те қабылдамағанын айтты. Зейнеткерлер үндеуінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтан Қазақстандағы коммуналдық кәсіпорындардың кімдерге тиесілі екенін және мемлекет оларды модернизациялауға көп қаржы бөлсе де неге тарифтердің қымбаттай беретінін сұрады.

Зейнеткерлер бұған қоса коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттығын және Ресей мен Қазақстан тұрғындары үшін электр энергиясы бағаларының әртүрлілігін түсіне алмайтындарын жеткізген.

Зейнеткерлердің "Нұр Отан" партиясы қалалық филиалындағы кездесуінің видеосы:

XS
SM
MD
LG