Accessibility links

Өзбекстан елшілігі белсенділер петициясын қабылдамады


"Болашақ" қозғалысы белсенділері Өзбекстан елшілігі алдында. Алматы, 3 шілде 2015 жыл.
"Болашақ" қозғалысы белсенділері Өзбекстан елшілігі алдында. Алматы, 3 шілде 2015 жыл.

Алматыда бүгін "Болашақ" қозғалысының белсенділері Өзбекстан елшілігі алдына петиция тапсыруға жиналды. Белсенділер петицияда Өзбекстан билігінің өзбек шекарашыларының Оңтүстік Қазақстан облысының бір азаматын мерт еткеніне қатысты жасаған мәлімдемесіне қарсылық білдірмек болған.

Акция өткен жерде болған Азаттық тілшісі сыртқа шыққан елшілік қызметкері белсенділердің петициясын алмағанын хабарлады. Белсенділердің сөзінше, елшіліктен шыққан қызметкер өздерінің амандасқанына жауап қайтармай, ғимаратқа кіріп кеткен. Белсенділер енді петицияны почтамен жөнелтетінін мәлімдеді.

"Болашақ" белсенділері петицияда кісі өлімін шынайы түрде тексеруді және Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі қаза тапқан қазақстандықтың туыстарына көңіл айтып, материалдық көмек көрсетуін талап етеді.

"Бізді бәрінен бұрын Өзбекстан жағының оқиғаға қатысты ресми жауабы ашуландырып отыр. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекара өте солқылдақ. Жергілікті тұрғындардың ол шекараны бұзбай жүруі мүмкін емес" деді Азаттыққа "Болашақ" жетекшісі Дәурен Бабамұратов.

Маусымның 29-ына қараған түні Сырдария өзенінің Өзбекстанмен шекаралас тұсында Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғыны Уәлихан Ахметов оққа ұшқан. Сол түні Қазақстан шекара қызметіне Сырдария өзенінде оқ атылғаны туралы ақпарат түскен. Шекарашылар жағада моторлы қайық пен бірі оқ тиіп мерт болған, бірі аман Оңтүстік Қазақстан облысының екі тұрғынын тапқан. Қазақстан шекара қызметінің тірі қалған қазақстандыққа сілтеме жасап хабарлауынша, олар Сырдария өзені жағасында - мемлекеттік шекара сызығында балық аулаған.

Бұл оқиғадан соң Қазақстан сыртқы істер министрлігі Өзбекстан билігіне қарсылық нотасын жөнелтетінін хабарлаған. Өзбекстан билігі шекарашылары екі қазақстандыққа "шекараны бұзбақ болғаны үшін" оқ атқанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG