Accessibility links

Азамат Тәжаяқов үкімге шағым беруден бас тартты


Азамат Тәжаяқов сотта тұр. 1 мамыр 2013 жылы салынған сурет. Бостон, АҚШ.

Азамат Тәжаяқов сотта тұр. 1 мамыр 2013 жылы салынған сурет. Бостон, АҚШ.

Бостондағы жарылысқа байланысты қылмыстық іс бойынша үш жарым жылға сотталған қазақстандық Азамат Тәжаяқов сот үкіміне шағым беруден бас тартқан. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.

Оның адвокаты Бостон сотына Азамат Тәжаяқовтың үкімге апелляциялық шағым беруден «саналы түрде және өз ықтиярымен» бас тартатынын жеткізген.

Бостондағы 2013 жылғы жарылыстың басты айыпкері ретінде өлім жазасына кесілген Джохар Царнаевпен Дартмут университетінде бірге оқыған қазақстандықтар Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев жарылыс оқиғасынан кейін іле-шала ұсталып, 2013 жылдың сәуірінен бері қамауда отырған. АҚШ тергеу орындары ол екеуіне «жарылыстан кейін Джохар Царнаевтың пиротехника салынған рюкзагы мен ноутбугін оның жатақханадағы бөлмесінен алып шығып, қылмысқа айғақ заттардан құтылған» деп айып таққан.

Өткен айда Бостон соты Азамат Тәжаяқовты 3 жыл 6 айға соттады. Сот Царнаевтың рюкзагын жоюға Тәжаяқовтың қатысы бар деп тапты. Бірақ ноутбукқа қатысты тағылған айыпты алып тастады.

Диас Қадырбаев 6 жыл түрме жазасына, ал Джохар Царнаевты өлім жазасына кесілген.

2013 жылы сәуірдің 15-і күні Бостон қаласында дәстүрлі түрде өтетін марафон кезінде бомба жарылып, 3 адам қаза тауып, 260-тан аса адам жараланған еді.

XS
SM
MD
LG