Accessibility links

Порошенко: Украинада терроризм қаупі артты


Украина президенті Петр Порошенко.
Украина президенті Петр Порошенко.

Украина президенті Петр Порошенко Украинада терроризм қаупі "кәдімгідей күшейгенін" мәлімдеді.

"Қақтығыс жүріп жатқан аймақтардан өзге облыстарда террористік және партизандық қауіп деңгейі біршама артты" деді Порошенко 10 шілдеде премьер-министр Арсений Яценюкпен және ішкі істер министрі Арсен Аваковпен кездесуінде.

Порошенко "терроризм қаупі" жайлы егжей-тегжейлі айтпағанымен, Украина әскері мен ресейшіл сепаратистер соғысып жатқан аймақтардан шығатын қару-жарақтан қауіп төнетінін меңзеді.

Киев Украина шығысындағы Ресей қолдайтын сепаратистерді "террористер" деп атайды.

Украинада бұған дейін бірнеше шағын жарылыстар болған. Оның ішінде ақпан айында Харьков қаласында шеру кезінде болған жарылыстан екі адам қаза тауып, 10 адам жараланған.

Киев бұған дейін Ресейді Украина шығысындағы сепаратистерге "қару-жарақ жіберу, оларды жаттығудан өткізу және әскер жіберу арқылы Украинаға терроризмді насихаттап отыр" деп айыптаған. Ресей мұны жоққа шығарады.

Мамыр айында Украина шығысында Ресей қарулы күштері арнайы жасағының екі сарбазы ұсталып, "террористік әрекеттер жасады" деген айып тағылған.

XS
SM
MD
LG