Accessibility links

Венада "Нұрбанк" ісі бойынша айыпталғандар босатылды


ҰҚК бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев (оң жақта) пен ҰҚК бұрынғы офицері Вадим Кошляк сотта отыр. Вена, 14 сәуір 2015 жыл.

ҰҚК бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев (оң жақта) пен ҰҚК бұрынғы офицері Вадим Кошляк сотта отыр. Вена, 14 сәуір 2015 жыл.

Бүгін Венада "Нұрбанк" топ-менеджерлерін өлтіру ісі бойынша сотта үкім шықты.

Алқа билер соты екі айыпталушы - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев пен ҰҚК-нің бұрынғы офицері Вадим Кошлякті алматылық екі банкир Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің өліміне қатысы жоқ деп тапқан. Бұл туралы Азаттыққа Мұсаевтың адвокаты Мартин Махрер хабарлады.

Адвокаттың сөзінше, Мұсаев тағылған барлық айып бойынша кінәсіз деп танылған. Кошляк та "кісі өлтіру" айыбы бойынша кінәсіз деп танылып, тек "кісі ұрлау" айыбы бойынша кінәлім деп табылған. Бірақ ол 16 айдан астам уақыт қамауда отырғандықтан сот залынан босатылған.

Мұсаев пен Кошляк бір жылдан астам уақыт Венада қамауда отырған. Австриялық прокурор Беттина Валлнердің ұйғарымынша, екеуі бұл істе басты айыпталушы болған Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиевке "Нұрбанктің" топ-менеджерлерін "өлтіруге көмектескен". Рахат Әлиев биыл ақпан айының соңында Венадағы абақтыда өлі күйінде табылған.

Олар «Нұрбанк» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновты 2007 жылдың ақпанында ұрлап әкетіп, өлтірген деп айыпталған. Темірәлиев пен Хасеновтың сүйектері екеуі жоғалып кеткен соң төрт жылдан кейін Алматыдан табылған еді.

XS
SM
MD
LG