Accessibility links

Алексис Ципрас: кредиторлар талабына көнуге дайынмын


Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас (ортада) парламент үйінде. Афина, 10 шілде 2015 жыл.
Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас (ортада) парламент үйінде. Афина, 10 шілде 2015 жыл.

Грекия премьер-министрі Алексис Ципрас ел парламенті өзіне халықаралық кредиторлармен келіссөздер жүргізуге мандат бергенін және келіссөздерде ол халыққа ауыр соғатын кредиторлар талабына көнуге дайын екені туралы мәлімдеді.

Ципрас бұл туралы бүгін таңертең, Грекия парламентінде өткен түнде болған дауыс беруден соң айтқан. Депутаттардың басым көпшілігі премьер-министрге үкіметтің бейсенбіде ұсынған жаңа жоспары негізінде халықаралық кредиторлармен келісімге келуді тапсырған. Жаңа жоспарда салықты көбейту, зейнетке шығу жасын біртіндеп 67 жасқа дейін ұлғайту және бюджеттің шығыс бөлігін азайтып, кіріс бөлігін молайтуды көздейтін өзге де шаралар қарастырылған. Бұл шаралардың көпшілігін бұған дейін кредиторлар талаптардың арасында болған, шілденің 5-і күні өткен бүкілхалықтық референдумда көпшілік оларға қарсы дауыс берген.

Солшыл радикалды «Сириза» партиясынан сайланған парламент мүшелерінің бір бөлігі премьер-министрді қолдаудан бас тартты. Ал Ципрастың өзі парламенттегі пікірталас кезінде референдум кредиторларды Грекияның сыртқы қарызының бір бөлігін қысқартуға немесе қайта ұзартуға келісуге көндіруге көмектескені жайлы мәлімдеген.

Бүгін еуро аймағына кіретін 19 елдің қаржы министрлері Грекияның соңғы берген ұсынысын талқылайды. Жексенбі күні ол ұсыныстарды Еуропа одағына мүше 28 мемлекеттің басшылары қарайды. Грекия үкіметі мемлекеттің кіріс көлемін 13 миллиард долларға ұлғайтуға септесетін шараларды жүзеге асыруға келісім беріп, оның қарымтасына еуропалық және халықаралық кредиторлардан жақын үш жылда 60 миллиард доллар қарыз алудан үміттеніп отыр.

XS
SM
MD
LG