Accessibility links

Белград Сребреница қырғыны жайлы шараларға тыйым салды


Сребреница қырғыны құрбандарын еске алуға жиналғандар шырақ жағып қойып жатыр. Белград, 10 шілде 2015 жыл.
Сребреница қырғыны құрбандарын еске алуға жиналғандар шырақ жағып қойып жатыр. Белград, 10 шілде 2015 жыл.

Сербия полициясы ел астанасы Белградта 20 жыл бұрын Сребреница қырғынында қаза болған құрбандарды еске алу акциясын немесе ондай шара өткізуге әсіреұлтшылдардың қарсы шарасын өткізуге тыйым салды. Бұл туралы жұма күні мәлімдеген елдің ішкі істер министрі Небойша Стефанович бұндай шешім қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданғанын айтқан.

«Сонда да шеруге шығу ниеті барлардың бәрін ескертемін: полиция қандай болмасын жиынды өткізуге рұқсат бермейді және ондай шараға төзбейді» деген министр.

Саяси белсендіге айналған журналист Душан Месич жетекшілік жасайтын сербиялық «Инициатива-7000» үкіметтік емес ұйымы бұған дейін шілденің 11-і күні парламент ғимараты алдына барып, Сребреницада мерт болған 8 мыңнан аса құрбанды – мұсылман ер азаматтар мен ұл балаларды еске алу шарасын өткізуді жоспарлаған.

Ал Сребреницадағы оқиғаны геноцид деп бағалауға қарсы және қырғын құрбандарының саны 8 мыңнан аз болған деп мәлімдеп жүрген сербиялық бірнеше әсіреұлтшыл топтар Месич бастаған үкіметтік емес ұйымның еске алу шарасын өткіздіртпеуге күш салатынын мәлімдеген.

Бүгін Боснияның шығысында ондаған мың адам Сребреница қырғыны құрбандарын еске алуға арналған қаралы шараға жиналады.

1995 жылы шілденің 11-і күні генерал Ратко Младич басқарған босниялық сербтер армиясы Шығыс Босниядағы БҰҰ «қауіпсіздік аймағы» деп жариялаған Сребреница анклавынан БҰҰ бітімгершілік күші ретінде тұрған голландиялық жасақты ығыстырып шығарған соң жастары 13-77 аралығындағы мыңдаған қарусыз босниялық мұсылманды қаладан алып шығып, атып тастаған.

Бұрынғы Югославиядағы әскери қылмыскерлерді жазалау жөніндегі халықаралық Гаага трибуналы Сребреницадағы оқиғаны геноцид деп таныған. Ол қырғынға байланысты сот процестері әлі өтіп жатыр.

Еуропа парламенті шілденің 11-ін Сребреница геноциді құрбандарын еске алу күні деп жариялаған.

XS
SM
MD
LG