Accessibility links

Бас прокуратура: Вена сотымен келіспейміз


«Нұрбанк» ісі бойынша сотта айып тағылған Әлнұр Мұсаев (оң жақта) пен Вадим Кошляк Вена сотында. 14 сәуір 2015 жыл.
«Нұрбанк» ісі бойынша сотта айып тағылған Әлнұр Мұсаев (оң жақта) пен Вадим Кошляк Вена сотында. 14 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан бас прокуратурасы «Нұрбанк» ісі бойынша айыпталған Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошлякті босату туралы Венаның қылмыстық істер жөніндегі жер соты шығарған шешімге келіспейтінін мәлімдеді.

Бүгін таратылған ресми ақпаратта бас прокуратура Мұсаев пен Кошлякқа айыптар таққан Вена қаласы прокуратурасының ұстанымын қолдайтыны және оларға тағылған айыптаулар «негізді және жеткілікті дәлелді базамен қуатталады деп есептейтіні» айтылған.

«Нұрбанк» менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың ұрлануына кінәлі деп танылған Әлнұр Мұсаевты 15 жылға, Вадим Кошлякты – 18 жылға бас бостандығынан айыру туралы Алматының Алмалы аудандық соты 2008 жылғы 15 қаңтарда үкім шығарғанын еске салған бас прокуратура Мұсаев пен Кошлякқа Қазақстанда ұрланған адамдарды өлтірген деген айыптар тағылғанын, қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әлі аяқталмағанын айтқан.

«Вена соты қабылдаған шешімге қарамастан, Қазақстан бас прокуратурасы Мұсаев пен Кошляк Темірәлиев пен Хасеновке қатысты қылмысты жасады және жасалған іс-әрекеттің ауырлығына сәйкес қылмыстық жазаға ұшыраулары тиіс деп қарауын жалғастырады» делінген ресми ақпаратта.

Жұма күні Вена соты «Нұрбанк» топ-менеджерлерінің өліміне қатысты ісі бойынша айыпталып бір жылдан бері Австрия түрмесінде қамауда отырған Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев пен ҰҚК-нің бұрынғы офицері Вадим Кошляктің алматылық екі банкир Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің өліміне қатысы жоқ деп тапқан.

Мұсаев тағылған барлық айып бойынша кінәсіз деп танылған. Кошляктың «кісі өлтіру» айыбы бойынша кінәсі жоқ, тек «кісі ұрлау» айыбы бойынша кінәлі деп табылып, ол 16 айға жазаға кесілген. Оның қамауда отырған мерзімін ескерген сот Кошлякты да сот залынан босатқан.

Сотта екі банкирдің жесірлері Армангүл Қапашева мен Шолпан Хасенованы қорғаған Lansky, Ganzger partners адвокаттық фирмаларының қызметкерлері Вена прокуратурасымен бірге сот шешімін заңсыз деп тану туралы шағым түсіргенін Азаттыққа хабарлаған.

XS
SM
MD
LG