Accessibility links

Әзербайжан: Исмаилованың соты ұлттық баспасөз күні өтеді


Хадиджа Исмаилова
Хадиджа Исмаилова

Әзербайжандық журналист, Азаттық радиосының қамаудағы тілшісі Хадиджа Исмаиловаға қатысты алғашқы сот отырысы 22 шілдеде өтеді. Сот отырысында Рамелла Аллахбердиева судья болады.

Әзербайжанда 22 шілде ұлттық баспасөз күні ретінде аталып өтеді.

Исмаилова 2014 жылдың 5 желтоқсанында Турал Мустафаевтың өзін "өлімге итермелегені" туралы шағымы негізінде тұтқындалған.

Биыл сәуірде Мустафаев Исмаилованың үстінен "эмоциялық стресс" жағдайында шағымданғанын, енді журналистпен бітімге келгісі келетінін айтқан. Бірақ прокуратура Исмаиловадан шағымды қайтарып алуға қатысты жауап бермеген.

Исмаилова өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, өзіне қарсы істің саяси астары бар дейді.

Хадиджа Исмаилова тұтқындалғанға дейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен оның отбасының қаржысы туралы бірнеше зерттеу материалын жариялаған.

Ақпан айында Хадиджа Исмаилованың үстінен "салық төлеуден жалтарды", "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" деген жаңа айыптар тағылған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Исмаилованың қамалуын президент Ильхам Әлиев үкіметінің тәуелсіз журналистер мен белсенділерді үрейлендіріп, үнін өшіру әрекеті деп бағалаған.

Өткен аптада америкалық ПЕН орталық Хадиджа Исмаилованы "Әзербайжан билігінің жоғары деңгейіндегі коррупцияны әшкерелеген зерттеулері" үшін Барбара Голдсмит атындағы сыйлығымен марапаттаған.

XS
SM
MD
LG