Accessibility links

Биолог Алматы салық инспекциясымен соттасып жүр


Тенге. Көрнекі сурет
Тенге. Көрнекі сурет

Алматының Алмалы аудандық №2 соты биолог-ғалым Анвар Мамиловтің мемлекеттік кірістер департаментінің үстінен түсірген шағымын қарауды бастады. Мамилов Алматы қалалық салық инспекциясын "табысқа жатпайтын қаржы үшін төрт миллион теңгеден астам салық төлеуді заңсыз түрде міндеттеді" деп шағымданады.

Биолог Анвар Мамилов 2005-2008 жылдар арасында АҚШ-тың мұхит пен атмосфераны зерттеу ұлттық басқармасының жобасына қатысып, ғаламдық климаттың өзгеруін зерттеген. Оның сөзінше, үш жыл ішінде америкалық тарап зерттеуге қажетті жабдықтар мен жол шығыны үшін 2,8 миллион теңгеге жуық қаржы бөлген. Ал Алматының салық инспекциясы аталған қаржыны биологтың табысы деп есептеп, екі миллион теңгеден астам көлемде салық төлеуді міндеттеген. Бұл қаржыны еңбекақыға жатпайды деп дәлелдеу үшін соңғы екі жылдан бері соттасып келе жатқан Мамилов қазір салық көлемі 4 миллионан асып кеткенін айтады.

Ғалымның айтуынша, "салық департаменті оның табысын негізсіз түрде 2,8 миллион емес, 12 миллионнан аса деп есептеген". Ол сот тыңдауы кезінде салық кодексінің 98-бабына сәйкес ғылыми-зерттеу жұмыстарына кеткен шығынға салық салынбайтынына назар аудартуға тырысты.

Сотқа қатысқан мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Серік Жұмашев айыптаушының сөздерін теріске шығарып, "салық көлеміне қатысты құжаттардың қалалық прокуратурада жатқанын" айтты. Жұмашев соттан Мамиловтің шағымын қанағаттандырмауды сұрады. Ал процеске қатысқан прокурор соттан өзіне ертеңге дейін уақыт беруін сұрап, отырыс 15 шілдеде жалғасатын болды.

XS
SM
MD
LG