Accessibility links

Донбасста сегіз украин сарбазы оққа ұшты


Украиналық әскерилер қаруын сепаратистер бекіністеріне қарай бағыттап қойып тұр. Донецк, Украина, 13 шілде 2015 жыл.

Украиналық әскерилер қаруын сепаратистер бекіністеріне қарай бағыттап қойып тұр. Донецк, Украина, 13 шілде 2015 жыл.

Киев Украина шығысында соңғы тәулікте ресейшіл сепаратистер шабуылынан сегіз украин сарбазы қаза тауып, 16-сы жараланғанын хабарлады.

Украина қауіпсіздік кеңесі 15 шілдеде "Өткен тәулікте болған шабуыл - ақпан айында Минскіде қақтығысты тоқтату келісімі жасалғаннан бергі Украина территориясындағы жойқын шабуылдардың бірі болды" деп мәлімдеді.

Украина әскерилерінің өкілі Андрей Лысенко үш сарбаз сепаратистер шабуылынан оққа ұшқанын, Луганск облысында бес сарбаз минаға түсіп мерт болғанын айтты.

Ол сепаратистердің Минск келісімі бойынша тыйым салынған ауыр артиллерия қолданып, Светлодарск мен Горловка қалаларындағы әскери іс-қимылдары сызығына жақын аймақта және сепаратистер бақылауындағы Донецк қаласы маңында ауқымды шабуылдар жасағанын айтты.

Ал сепаратистер керісінше Украина үкіметі әскерін шабуылды үдетті деп айыптады. Олар шабуылдардан екі сарбазы мен бір бейбіт тұрғын қаза тауып, жеті адам жараланғанын айтады.

2014 жылдың сәуірінде Украина шығысында украин әскері мен сепаратистер арасында қақтығыс басталғалы бері 6 мың 500-ден астам адам қаза тапты.

XS
SM
MD
LG