Accessibility links

Ахметов ісі жайлы сот тыңдауы 27 шілдеде басталады


Қазақстанның экс-премьері және бұрынғы қорғаныс министрі Серік Ахметов.

Қазақстанның экс-премьері және бұрынғы қорғаныс министрі Серік Ахметов.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы шілденің 27-сі таңертеңгі сағат 10-ға белгіленді. Бұл туралы Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлаған.

Коррупциялық қылмысқа қатысты айып тағылған экс-премьердің ісін Қарағандының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Исламхан Есенбаев қарайды.

Бұған дейін, 13 шілдеде Қарағанды облыстық прокуратурасы Серік Ахметов пен 21 бұрынғы лауазымды шенеуніктің үстінен қозғалған қылмыстық іс материалымен танысып біткенін хабарлаған. Оларға «қызмет өкілеттіктерін теріс пайдаланған», «бюджет қаржысын жымқырған» және «кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысқан» деген айыптар тағылған. Сонымен бірге, Ахметовке «аса ірі көлемде пара алған» деген айып тағылып отыр деп хабарлайды прокуратура. Былтырғы күзден бері жүргізілген бұл тергеу ісі бойынша күдіктілер арасында Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев, Қарағанды қаласының экс-әкімі Мейрам Смағұлов және тағы 18 адам бар.

Былтыр қазанның 22-і күні «өз өтініші бойынша» қорғаныс министрі қызметінен кеткен Серік Ахметов қараша айында үйқамаққа алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Содан бері оны үйқамақта ұстау мерзімі бірнеше мәрте ұзартылды.

XS
SM
MD
LG